Әлеуметтік желінің балалардың психологиялық денсаулығы мен оқу үлгеріміне әсерін тұрақты зерттейтін ұлттық мониторинг жүйесін енгізу қажет. Бұл туралы Құрылтай отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Жанарбек Әшімжан айтты, деп хабарлайды Muztaumedia.kz ақпарат порталы.

Құрылтай отырысында депутат Жанарбек Әшімжан балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына қатысты мәселе көтеріп, 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіге тіркелуге шектеу қою бастамасын қолдады.

— Бүгінде әлеуметтік желі баланың бос уақытын өткізетін орта ғана емес, оның психологиясына, денсаулығына, мінез-құлқына және білім алуына ықпал ететін факторға айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Тамыз конференциясында және Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың балалардың дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейтінін айрықша атап өтіп, 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салу бастамасын қолдады. Сайлаушылармен кездесу барысында да жиі көтерілді, — деді депутат.

Депутаттың айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы жүргізген зерттеуге 44 елден шамамен 280 мың жасөспірім қатысқан. Зерттеу нәтижесі әлеуметтік желіні проблемалық деңгейде пайдаланатын жасөспірімдердің үлесі 2018 жылғы 7 пайыздан 2022 жылы 11 пайызға дейін өскенін көрсеткен. Мұндай тәуелділік ұйқының бұзылуы мен психологиялық жағдайдың нашарлауына әсер етеді.

— 2023 жылы ЮНИСЕФ Балалар қорымен бірлесіп жүргізілген зерттеу нәтижесінде, Қазақстандағы 9–10 жастағы балалардың 60 пайызы және 11–12 жастағы балалардың 66 пайызы әлеуметтік желілерде аккаунттары тіркелген. Ал балалардың 88 пайызында жеке смартфон бар және олар ең танымал TikTok, YouTube және Instagram платформаларын еркін пайдаланып отыр деген сөз. Бұл балалардың цифрлық ортаға жоғары деңгейде тартылғанын, алайда ата-ана тарапынан бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сондай-ақ, балалар әл-ауқаты индексіндегі 10–18 жас аралығындағы әлеуметтік желілер арқылы жасалатын буллингке ұшыраған балалардың көрсеткіші екі еседен асып, 2024 жылы — 15 пайызға, 2025 жылы 33,5 пайызға көтерілген, — деді ол.

Жанарбек Әшімжанның пікірінше, мәселе балалардың әлеуметтік желі қолдануында ғана емес. Платформаларға шамадан тыс әуестік олардың кітап оқуына, спортпен айналысуына, отбасымен араласуына және сабаққа дайындалуына жұмсайтын уақытын қысқартады. Соның салдарынан баланың зейін қоюы, ақпаратты терең қабылдауы және өз бетінше ойлау қабілеті әлсіреуі мүмкін.

Депутат бұл бағытта шетелдік тәжірибені де ескеру қажет екенін айтты.

— Бұл мәселенің өзектілігін әлем елдерінің тәжірибесі де көрсетіп отыр. Ашық дерек көздеріне қарағанда, 2026 жылы 25 елде балалардың әлеуметтік желідегі жасына қатысты заңнамалық шаралар нақты қаралған. Мәселен, Аустралия алғашқылардың бірі болып 16 жасты шек ретінде бекітті. Мұндай шектеулер Бразилия, Индонезия және тағы басқа елдерде де күшіне енген. Көптеген ел 15-16 жасты негізгі шек ретінде қарастырып отыр. Қазақстан да осы бағытта нақты әрі тиімді модель қалыптастыруы қажет. Алайда заң қабылдаумен мәселе шешілмейді. Баланың жасын қалай анықтаймыз? Жеке деректерін кім және қалай қорғайды? Шектеуді айналып өтетін жалған аккаунттарға тосқауыл қалай қойылады? Ал білім алуға қажетті цифрлық платформаларға қолжетімділік қалай сақталады? Мемлекет басшысы да заң қабылдаумен қатар, оның нақты орындалу тетігін алдын ала ойластыру қажеттігін атап өтті. Біздің басты мақсатымыз — балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, — деді Жанарбек Әшімжан.

Осыған байланысты депутат Құрылтай атынан Үкіметке бірқатар ұсыныс жасады. Атап айтқанда, 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне шектеу қою тетігін нақтылау, олардың жеке және цифрлық деректерін қорғау шараларын күшейту ұсынылды.

Сонымен қатар мектептерде цифрлық гигиена мен медиасауаттылықты, әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану дағдыларын жүйелі түрде оқыту және әлеуметтік желілердің балалардың психологиялық денсаулығына, ұйқысына әрі оқу үлгеріміне әсерін тұрақты зерттейтін ұлттық мониторинг жүйесін енгізу қажеттігі айтылды.

Айта кетейік, Құрылтай отырысында жоғары заң шығарушы орган регламентінің жобасы да талқыланды.

Share.
Exit mobile version