Абай облысында 13 жастағы екі сыныптастың арасында жанжал шығып, жасөспірімдердің бірі екіншісіне пышақ сұққан. Зардап шеккен балаға 15-ке жуық пышақ жарақаты түскен, деп жазады Muztaumedia.kz.
Оқиға туралы жасөспірімдердің бірінің туыстары айтып берген. Олардың сөзінше, балалар атқа мініп серуендеп, бірге ойнамақ болған. Алайда кейін екеуінің арасында төбелес шыққан.
Жарақат алған жасөспірім ауруханаға жеткізіліп, оған бірнеше сағатқа созылған ота жасалды. Дәрігерлер оның іш қуысына өткен пышақ жарақатынан оң жақ бүйрегі зақымдалып, көп қан жоғалтқанын анықтаған. Сонымен қатар денесі мен аяқ-қолдарында бірнеше жарақат болған.
«Оған іш қуысына өткен пышақ жарақаты диагнозы қойылды. Соның салдарынан оң жақ бүйрек паренхимасы зақымдалып, көп қан кеткен. Сонымен қатар денесі мен аяқ-қолдарында бірнеше пышақ жарақаты бар, бірінші дәрежелі геморрагиялық шок тіркелді. Операция төрт сағатқа созылды. Қазір баланың жағдайы тұрақты, ол балалар хирургиясы бөліміне ауыстырылды», – деді Семей университеттік госпиталінің педиатрия жөніндегі директор орынбасары Дулат Кәрімов.
Ал жанжалға қатысқан екінші жасөспірім де сол күні ауруханаға жеткізілген. Оның денесінен үш-төрт жеңіл жарақат анықталған.
Қазір полиция оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу нәтижесіне қарай кәмелетке толмағандарды есепке қою және олардың заңды өкілдерін бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тарту мәселесі қаралады.
