Әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде 38 және 39 жастағы екі әйел Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атына кір келтіріп, олардың бірі өзін «террорист» деп атаған. Көп ұзамай екеуін де полиция алып кеткен, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.   

Тікелей эфир барысында әйел ҰҚК қызметкерлері оны бұрыннан танитынын мәлімдеген.

«20 жылдан бері террористпін. Бүкіл “КНБ” мені таниды. Өздері қарап отыр бізді, тізімде бірінші тұрмын», – деген ол.

Полиция мәліметінше, әйелдерге қатысты үш әкімшілік іс қозғалған.

«Оларға қатысты ұсақ бұзақылық, құқыққа қайшы контентті тарату, сондай-ақ қоғамдық орындарда адамның жеке басын анықтауға кедергі келтіретін киімдерді кию деректері бойынша үш әкімшілік іс қозғалды», – деп хабарлады ПД.

Әкімшілік істердің материалдары сотқа жолданған. Сонымен қатар әйелдер теологпен профилактикалық әңгімеге қатысып, полиция қызметкерлерінен заң талаптары мен қоғамдық тәртіп нормалары бойынша түсініктеме алған.

Share.
Exit mobile version