Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қаракемер ауылында 14 жастағы оқушы қайтыс болды. Марқұмның туыстары оның өліміне мектептегі жағдай себеп болуы мүмкін деп санайды. Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Muztaumedia.kz. 

Қали Қуаныш Темірбекұлы Әбіл Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектептің 7-сыныбында оқыған. Ол отбасындағы алты қыздың арасындағы жалғыз ұл болған.

Туыстарының айтуынша, қайғылы жағдай 25 ақпанда болған. Сол күні алгебра сабағында оқушы тақтадағы жазуды телефонына түсірген. Кадрға мұғалім де түсіп қалған. Мұғалім өзін әдейі түсірген-түсірмегенін сұрап, оқушыдан түсініктеме жаздырған. Отбасының сөзінше, оған 200 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтінін де айтқан.

Кейін Қуанышқа әкесін шақыру тапсырылған. Ол қоңырауға бір минуттай қалғанда мектептен шығып кеткен.

«Бір сағаттай уақыт өткен. Кейін тағы екі-үш сабақ болған. Оның ішінде басқа мұғалімнің және директордың сабағы да болған. Бірақ ешкім Қуанышты іздемеген. Сыныптастары алаңдап, ата-анасына хабарласқысы келген, алайда оның телефонын алып қойған», – дейді туыстары.

Сол күні кешке оқушыны туыстарының бірі үй маңынан тауып алған. Отбасы оның қайтыс болғанын сол кезде білген.

Марқұмның жақындары мектептегі жағдайды жан-жақты тексеруді және оқиғаға қатысы бар барлық мән-жайға құқықтық баға беруді сұрап отыр. Сондай-ақ олар мектеп директоры мен мұғалім арасында туыстық байланыс болуы мүмкін деген болжамды да тексеруді талап етеді.

«Біздің ешқандай таныс-тамырымыз жоқ. Бізге әділдік керек. Малдан айырылып отырған жоқпыз, адамнан айырылып отырмыз. Бұл – алты қыздың арасындағы жалғыз бауырымыз», – дейді отбасы.

Полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – делінген полиция хабарламасында.

Қазір оқушының өліміне не себеп болғаны және мектептегі жағдайдың оған қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Оқиғаға құқықтық баға тергеу нәтижесінде беріледі.

Share.
Exit mobile version