Министрліктің мәліметінше, келісімшартты бұзуға сынақтар кезінде жүйеде анықталған ақаулар себеп болған. Сынақ барысында жабдық түтін мен өрт ошақтарын әрқашан уақытында анықтай алмаған, сонымен қатар резерват территориясының бір бөлігі камералардың көру аймағынан тыс қалып қойған. Мердігер компания бұл ескертпелерді белгіленген мерзімде жоймаған.
Қазіргі уақытта тараптар арасындағы сот процесі аяқталған жоқ. Өз кезегінде «Қазақтелеком» компаниясы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін бұл даудың егжей-тегжейіне қатысты пікір білдіруден бас тартты. Ал Экология министрлігі рельефтің ерекшеліктеріне байланысты «соқыр аймақтар» пайда болғанына қарамастан, жүйені жердегі патрульдеумен және мұнаралардан бақылаумен қатар қолдануды жалғастырып жатқанын хабарлады.
Айта кетейік, жобаның жалпы құны 3,1 миллиард теңгені құраған еді. Оның ішінде «Қазақтелеком» компаниясына 937,2 миллион теңге көлемінде аванс төленіп, қалған қаражат бюджетке қайтарылған.
