76 жасында Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова дүниеден өтті. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов марқұмның жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Құмар Ақсақалов Instagram-дағы парақшасында қазақ айтыс өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық ақыны, «Барыс» орденінің иегері, Қостанай облысының құрметті азаматы Әсия Беркенованың дүниеден өткені туралы суыт хабарды ауыр күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
«Тобыл-Торғай жұртшылығына, апамыздың әулетіне қайғыра көңіл айтамын.
Әсия Әйіпқызы – қазақ айтыс өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, жырсүйер қауымның құрметі мен ықыласына бөленген дара тұлға еді. Талай сөз додасында аймағымыздың намысын қорғап, биіктен көрінді.
Ұстаздық қызмет етіп, халық ағарту ісінің үздігі атанды. Соңынан ерген көптеген шәкірті бар.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамай, кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтып жүрді», — деп жазды Құмар Ақсақалов.
Ол ақынның өрнекті өлеңдері мен өткір жырлары, ұлттық өнер мен ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі халық жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.
