Ұстаз мәртебесі, мұғалімдердің жүктемесі, жалақысы және білім беру жүйесіне жасанды интеллекттің енуі – бүгінде қоғамда қызу талқыланып жүрген мәселелердің бірі. Осы және білім саласындағы өзге де маңызды тақырыптарға Qazaq Expert Club-тың білім беру саласындағы сарапшысы Жазира Асанова пікір білдірді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.

Сарапшының айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда мұғалім мәртебесін көтеру бағытында бірқатар нақты қадам жасалған.

Жазира Асанова 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң мұғалімдерді өзіне тән емес міндеттерден, заңсыз тексерулер мен артық есептіліктен қорғауға бағытталғанын айтты.

Оның сөзінше, 2020 жылдан бері педагогтердің еңбекақысы кезең-кезеңімен 100 пайызға өскен. Сонымен қатар біліктілік санаты, тәлімгерлік және академиялық дәреже үшін үстемеақы жүйесі енгізілгенін атап өтті.

Сарапшы мұғалімнің жауапкершілік шегі де нақтыланғанын айтты. Оның айтуынша, педагогтің жауапкершілігі кәсіби міндетін орындау кезеңімен шектеледі. Ата-аналардың педагог құқығын құрметтеу міндеті де заңнамада қарастырылған.

Жазира Асанова TALIS 2024 зерттеуіндегі дерекке де тоқталды. Оның айтуынша, қазақстандық педагогтердің 82 пайызы өз мамандығын қоғам бағалайды деп есептейді. Ал ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіш – 22 пайыз.

Дегенмен сарапшы ұстаз мәртебесін тек заңмен көтеру жеткіліксіз екенін айтты. Оның пікірінше, мұғалімнің кәсіби пікіріне құлақ асу, жас маманды қолдау, жұмыс пен жеке уақыт шекарасын сақтау және мектептегі қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру маңызды.

Сарапшының айтуынша, мұғалім мамандығының тартымдылығына жалақыдан бөлек мектептегі ахуал, кәсіби еркіндік, басшылықпен және ата-анамен қарым-қатынас пен қоғамдық мойындау әсер етеді.

«Жастар мұғалім болғысы келмейді» деген пікір рас па?

Жазира Асанова қоғамда жиі айтылатын бұл пікірді қазіргі деректер толық растамайтынын айтты. Оның айтуынша, Қазақстанда еңбек жолын жаңа бастаған мұғалімдердің 78 пайызы педагог мамандығын алғашқы кәсіби таңдауы ретінде атаған.

Алайда сарапшы 30 жасқа толмаған мұғалімдердің 22 пайызы алдағы бес жылда мамандықтан кетуі мүмкін екенін атап өтті.

Оның пікірінше, сондықтан жас маманды мектепте қолдау, оған түсетін жүктеме, тәлімгерлік жүйесі және кәсіби пікіріне құлақ асу маңызды.

«Мамандықтың беделі университетке түскен адамның санымен емес, сол адамның бес-он жылдан кейін де осы кәсіпте қалғысы келуімен өлшенеді», – деді Жазира Асанова.

Қағазбастылық мәселесі толық шешілді ме?

Сарапшының айтуынша, педагогтерді артық есептіліктен арылту бағытында өзгерістер бар. 2026 жылдан бастап бір құжатты қағаз және электронды түрде қатар жүргізу талабы жойылғанын айтты.

Оның сөзінше, құжат цифрлық жүйеде болса, оның қағаз нұсқасын қайта талап етуге болмайды. Алайда қағазбастылық мәселесі толық шешілді деуге әлі ерте, деді сарапшы.

Жазира Асанова TALIS 2024 деректеріне сүйеніп, мұғалімдердің 25 пайызы әкімшілік жүктемені негізгі қысым көздерінің бірі ретінде атағанын айтты.

Сарапшының пікірінше, ақпараттық жүйелерді өзара интеграциялап, қайталанатын есептерді автоматтандыру қажет. Мұғалім бір ақпаратты бірнеше рет енгізбеуі керек, деді ол.

Сонымен қатар педагогикалық емес міндеттердің бір бөлігін әкімшілік және қолдау қызметтеріне беру маңызды екенін атап өтті.

Мұғалімдердің жалақысы өсті

Жазира Асанованың айтуынша, педагогтердің жалақысының өсуі мамандықтың тартымдылығына әсер еткен.

Сарапшының сөзінше, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы кезең-кезеңімен 100 пайызға көтерілген. Сонымен қатар педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші және педагог-шебер санаттарына қарай үстемеақы жүйесі енгізілген.

Оның айтуынша, 2018 жылы Қазақстан мұғалімдерінің 39 пайызы ғана жалақысына қанағаттанса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 71 пайызға жеткен.

Жасанды интеллект білім саласын қалай өзгертеді?

Сарапшының айтуынша, жасанды интеллекттің білім беру саласына енуі мұғалімнің жұмыс тәсілін де өзгертуде.

Жазира Асанова TALIS 2024 зерттеуіне сүйеніп, Қазақстандағы мұғалімдердің 59 пайызы жұмысында ЖИ құралдарын қолданатынын айтты. Олардың 60 пайыздан астамы жасанды интеллект бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен.

Алайда сарапшы технологияны қолдану мен оны сабаққа дұрыс енгізу екі бөлек мәселе екенін атап өтті.

Оның айтуынша, ЖИ қолданбайтын мұғалімдердің 51 пайызы қажетті білім мен дағдының жетіспеушілігін себептердің бірі ретінде атаған. Ал жас мамандардың 41 пайыздан астамы осы бағытта қосымша білім алуға сұраныс білдірген.

Жазира Асанованың пікірінше, мұғалімге сыни цифрлық және ЖИ сауаттылығы қажет. Педагог жасанды интеллект берген ақпаратты тексеріп, қате мәліметті ажыратып, дереккөздермен жұмыс істей білуі керек.

Сарапшы PISA 2025 зерттеуіндегі дерекке де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстандағы оқушылардың 47 пайызы оқу процесінде ЖИ чат-боттарын аптасына кемінде бір рет қолданады.

Осыған байланысты дайын жауапты қайталауды емес, оқушыдан шешімін дәлелдеуді, деректерді салыстыруды және сыни пікірін қорғауды талап ететін тапсырмаларға көшу керек, деді сарапшы.

Ұлттық құндылық пен тәрбие

Жазира Асанова қазіргі мектептегі тәрбие жұмысы тек сынып сағаттары мен іс-шаралардан тұрмауы керек екенін айтты.

Сарапшының сөзінше, 2025–2026 оқу жылынан бастап енгізілген «Адал азамат» бағдарламасы адалдық, еңбекқорлық, жауапкершілік және патриотизм құндылықтарын қамтиды.

Оның пікірінше, бала тәрбиені ұраннан емес, мектептегі қарым-қатынас мәдениеті мен әділ ортадан қабылдайды.

Сарапшы ұлттық құндылықтарды да тек мерекелік шаралармен шектемеу керектігін айтты. Оның айтуынша, ана тілі бала үшін күнделікті қолданылатын тірі құралға айналуы керек, ал тарих баланың өз болмысын түсінуіне ықпал етуі қажет.

Жазира Асанова ұлттық құндылықтарды әдебиет, тарих, музыка, өнер және басқа пәндердің мазмұнына енгізуге болатынын айтты. Дегенмен бұл міндет тек мұғалімге жүктелмей, отбасы, қоғам және медиа арқылы да жалғасуы керек екенін атап өтті.

«Ұстаз – ұлт болашағын қалыптастырушы»

Сарапшының айтуынша, қандай реформа немесе жаңа технология енгізілсе де, оның балаға жетуі мұғалім арқылы жүзеге асады.

«Қазіргі мұғалім тек ақпарат беруші емес. Ақпараттың өзі қазір қолжетімді. Мұғалім баланың сол ақпаратпен не істейтінін үйретеді: сұрақ қоя ма, тексере ме, салыстыра ма, дәлелдей ме, жауапкершілік ала ма? Осы жағынан қарасақ, мұғалімнің жұмысы тек бүгінгі сабақтың нәтижесіне емес, болашақ қоғамның сапасына да әсер етеді», – деді сарапшы.

Жазира Асанованың пікірінше, қазіргі мұғалімге өз пәнін білумен қатар, оқушының біліміндегі олқылықты анықтау, сапалы кері байланыс беру және сыни ойлауын дамыту маңызды.

Сондай-ақ сарапшы педагогке кәсіби шешім қабылдауға мүмкіндік берілуі керек екенін айтты.

«Мұғалімді тек нұсқаулық орындайтын адам ретінде емес, баланың жағдайын бағалап, дұрыс шешім қабылдай алатын кәсіби маман ретінде қабылдау керек», – деді Qazaq Expert Club-тың білім беру саласындағы сарапшысы.

Share.
Exit mobile version