Ақмола облысының тұрғындары Дүниежүзілік тазалық күніне (World Cleanup Day) орай ұйымдастырылған халықаралық экологиялық бастамаға белсенді қатысты. Ауқымды акцияға өңірдің қалалары мен ауылдық елді мекендерінен он мыңдаған тұрғын атсалысты, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Іс-шара барысында тұрғындар көшелерді, аулалар мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазартып, әлеуметтік нысандардың маңын абаттандыру жұмыстарына қатысты. Экологиялық акция «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Акцияның негізгі алаңдарының бірі Ақкөл қаласында өтті. Мұнда экологиялық бастамаға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов та қатысты. Ол экологиялық мәдениеттің күнделікті өмір салтының маңызды бөлігіне айналып келе жатқанын атап өтті.
«Таза Қазақстан» бастамасы – бұл тек көшелерді тазалау, аумақтарды абаттандыру және ағаш отырғызу ғана емес. Бұл, ең алдымен, әр адамның қоршаған ортаға, өз қаласына, ауылына және туған жеріне деген жауапкершілігі. Таза Қазақстан – бұл тек таза көшелер мен қалалар емес. Бұл – ойымыздың, ниетіміздің және ісіміздің тазалығы. Бүгінде атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесін көріп отырмыз: аумақтар абаттандырылып, жаңа қоғамдық кеңістіктер пайда болып, қалалар мен ауылдар көркейіп келеді», – деді Марат Ахметжанов.
Акция барысында көгалдандыру жұмыстарына да ерекше мән берілді. Өңірдің түрлі елді мекендерінде тұрғындар қарағай, шырша, терек, қайың, үйеңкі, балқарағай, емен, жабайы алма және басқа да ағаш-бұта түрлерін отырғызды.
Дүниежүзілік тазалық күні аясында облыста барлығы 5 мыңға жуық көшет отырғызылды. Осылайша, экологиялық бастама аумақтарды тазалау, абаттандыру және өңірдің жасыл қорын толықтыру бағыттарын қамтыды.
Жергілікті экоактивистердің айтуынша, тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, оны көгалдандыру шараларымен ұштастыру қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға ғана емес, болашақта экологиялық тұрғыдан қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Ақмола облысында көгалдандыру жұмыстары экологиялық бағыттағы тұрақты шаралардың бірі саналады. Жыл басынан бері өңір аумағында 2,8 мың гектар жерге шамамен 16 миллион ағаш отырғызылды.
Дүниежүзілік тазалық күніне тұрғындардың жаппай қатысуы өңірде экологиялық бастамалардың қоғамдық өмірдің маңызды бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді. Қалалар мен ауылдардың тұрғындары қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және тазалықты сақтау ісіне ортақ үлес қосуда.
