Ақмола облысының Щучинск қаласында ер адам сүйіктісін соққыға жығып, оның өліміне себеп болған. Сотталушы 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Сот материалдарына сәйкес, жұп 2024 жылы жұмыста танысқан. Олар жақын қарым-қатынаста болғанымен, қызғаныш салдарынан жиі жанжалдасып, аралары үзіліп, кейін қайта табысып отырған.
2026 жылдың маусымында әйел қарым-қатынастарын анықтау үшін ер адамның үйіне келген. Екеуі ішімдік ішкеннен кейін тағы да сөзге келіп, жанжал соңы төбелеске ұласқан. Сол кезде ер адам әйелді соққыға жыққан.
Әйел есінен танып қала бастаған кезде ер адам жедел жәрдем шақырған. Алайда дәрігерлер оны аман алып қала алмады. Әйел ауруханада есін жимастан көз жұмған.
Сараптама қорытындысы бойынша, әйелдің өліміне бауырдың жарылуы, ішкі қан кету және геморрагиялық шок себеп болған. Сонымен қатар оның қабырғасы сынғаны, кеуде тұсынан жарақат алғаны және денесінде көптеген соққы іздері бары анықталған.
Сот ер адамды абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды.
Бұдан бөлек, сотталған азамат жәбірленуші тарапқа моральдық зиян үшін 12 миллион теңге, сондай-ақ материалдық шығын мен сот шығындарын өтеу үшін тағы 2 миллион теңге төлеуге міндеттелді.
