Ақмола облысында жазғы демалыс маусымы бойы мыңға жуық бала профилактикалық шаралармен қамтылды. «Қауіпсіз демалыс» акциясы аясында өңір полицейлері балалардың сауықтыру лагерлерін аралап, жасөспірімдермен қауіпсіздік тақырыбында жүздесулер өткізді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz ақпарат плрталы.
Жаз бойы ұйымдастырылған кездесулерде тәртіп сақшылары балаларға жол қозғалысы ережелерін сақтау, жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету, буллинг пен есірткіге қарсы тұру, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу және оның жауапкершілігі туралы түсіндірді.
Кезекті профилактикалық кездесу Зеренді ауданындағы «Парус» балалар сауықтыру орталығында өтті. Іс-шара «Балаларға назар аударыңыз!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ұйымдастырылды.
Ақмола облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Айнагүл Қуандықованың айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты – балаларға қауіп туралы айтып қана қоймай, кез келген жағдайда дұрыс әрекет етуге үйрету.
– Балаға қауіптің бар екенін ескерту жеткіліксіз. Ең маңыздысы – оның бойында қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру. Осындай білім баланың тосын жағдайда абдырамай, дұрыс шешім қабылдауына көмектеседі, – дейді Айнагүл Қуандықова.
Биыл Ақмола облысының балалар лагерлерінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген жасөспірімдер демалды. Сондықтан профилактикалық жұмыстар да кең ауқымды қамтып, балалардың қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселелерді қамтыды.
«Қауіпсіз демалыс» акциясы – тек жазғы маусымдағы кезекті шара емес. Бұл – кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін күшейтуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және өскелең ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
