Ақмола облысында тұрғындар көптен күткен жол жөндеу жұмыстары мәресіне жақындады. Жақсы–Есіл бағытындағы жолдың күрделі учаскесі жаңартылып, көлік жүргізушілеріне бұрынғыдай шұңқырлы жолмен жүруге тура келмейтін күн жақын, деп жазады Muztaumedia.kz.

Алматы–Екатеринбург халықаралық күре жолының бір бөлігі саналатын бұл учаскені жөндеуге республикалық бюджеттен 3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бұған дейін қос ауданның арасындағы шамамен 30 шақырым жол жергілікті тұрғындар мен жүргізушілер үшін үлкен қиындық туғызған. Шұңқыр мен ойық көбейіп, көліктің жиі бұзылуына себеп болған. Енді жағдай өзгеріп келеді.

«Бұрын жету қиын еді, қазір жолымыз әлдеқайда жақсы»

Жақсы ауылының тұрғыны Мұхамеджан Арапбай жолдың жаңаруы ауыл тұрғындары үшін маңызды екенін айтады.

«Бұған дейін жолымыздың жағдайы өте нашар болатын. Машиналарымыз бұзылып, шұңқырлардың кесірінен дөңгелектеріміз жарылатын. Ойлаған жерімізге жету қиын еді. Қазір Жақсы мен Атбасардың арасына, Қазақ ауылының маңына тезірек жетіп жүрміз. Ризамыз», – дейді тұрғын.

Жолдың жаңаруы әсіресе күн сайын осы бағытпен қатынайтын ауыл тұрғындары үшін уақытты үнемдеуге және көлік шығынын азайтуға мүмкіндік бермек. Бір тәулікте 5 мыңға жуық көлік жүреді. Бұл жолдың маңызы жергілікті қатынаспен ғана шектелмейді. Мұнда тәулігіне шамамен 5 мың көлік қозғалады. Оның 3 мыңға жуығы – жүк көлігі.

Сондықтан жолды жөндеу кезінде оның жүк көліктерінің жоғары қозғалысына төтеп беруіне ерекше мән берілген. Мердігер ұйым директорының орынбасары Ерлан Әбдіковтің айтуынша, жол құрылысына сапалы әрі жоғары жүктемеге төзімді материалдар қолданылған.

«Бір тәулікте бұл жолмен шамамен 5 мың көлік қатынайды. Оның 3 мыңы – жүк көлігі. Сондықтан сол ағынға шыдас беретін сапалы материалдарды қолданып жатырмыз. Асфальт төсеп қана қоймай, жол жиектерін де бекіттік», – дейді ол.

Жол сапасы күн сайын тексеріліп жатыр. Жөндеу жұмыстарының сапасы да назардан тыс қалмаған. Мамандар құрылыс барысын күн сайын бақылап, жол жабындысынан сынамалар алып, зертханалық тексеру жүргізіп отыр.

Техникалық қадағалау сарапшысы Нұрсұлтан Тілеухановтың айтуынша, осы уақытқа дейін алынған сынамалардың барлығы талапқа сай болған.

«Күн сайын құрылыс учаскесіне келіп мониторинг жүргіземіз. Жол активтері ұлттық сапа орталығы да зертханалық зерттеулер жүргізіп тұрады. Қазір бұл жол барлық сынамадан сәтті өтті», – деді маман.

Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары тамыз айының соңында толық аяқталып, жолды пайдалануға беру көзделіп отыр.

Ақмолада 600 шақырым жол жөнделіп жатыр

Жақсы–Есіл бағыты – Ақмола облысында жүзеге асып жатқан жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының бір бөлігі ғана.

Қазір өңірде республикалық маңызы бар үш автожолдың 90 шақырымнан астам бөлігі орташа жөндеуден өтіп жатыр. Сонымен қатар Жақсы, Есіл және Ерейментау бағыттарындағы бірқатар жолдарда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Рүстем Әбіловтің мәліметінше, Жақсы–Чистополе бағытындағы 58 шақырым жолды келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Ал Жақсы–Есіл–Бұзылық бағытындағы 80 шақырым жол қазірдің өзінде пайдалануға берілген.

Өңірде кейбір көпірлер де жаңартылып жатыр

Жалпы биыл Ақмола облысында 600 шақырымға жуық жол жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 72 млрд теңге бөлінген. Жақсы жол – ауылға да, экономикаға да серпін

Жол – елді мекендерді байланыстыратын жай ғана инфрақұрылым емес. Ол ауыл тұрғындарының аудан орталығына жетуіне, кәсіпкерлердің өнім тасымалдауына, жедел қызметтердің уақытында жетуіне және транзиттік көліктің қауіпсіз қозғалысына тікелей әсер етеді.

Сондықтан Жақсы–Есіл жолының жаңаруы – ең алдымен, күн сайын осы жолмен жүретін мыңдаған жүргізуші мен ауыл тұрғыны үшін жақсы жаңалық.

Жылдар бойы жүргізушілерді әбігерге салған жолдың жаңа кейіпке енуі өңірдегі жол инфрақұрылымын жаңғыртудың нақты нәтижелерінің бірі болмақ.

Share.
Exit mobile version