Ақтөбеде өз үйінде оққа ұшып, қаза тапқан кәсіпкер Айболат Жисовтің ұлы Әнуар Тобанияз әкесіне арнап жүрек тебірентерлік жазба жариялады. Ол марқұмның соңғы сәтіне дейін отбасын қорғауға тырысқанын айтты, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.   

Әнуар Тобанияз әлеуметтік желідегі парақшасында әкесінің өмірлік ұстанымын, отбасына деген қамқорлығын және өзіне берген тәрбиесін еске алған.

Оның айтуынша, әкесі қандай қиындық болса да мойымауды, өмірдің әр сәтін бағалауды үйреткен.

«Әкем мен үшін әрқашан үлгі тұтар ең асыл жан болды. Ол маған қиындыққа мойымауды, тағдырдың соққысына төтеп беруді және өмірдің әр сәтін бағалауды үйретті. Ең ауыр сәтте де отбасын қорғау үшін өз өмірін қиды», – деп жазды кәсіпкердің ұлы.

Сондай-ақ ол әкесінің жарқын бейнесі мен жасаған жақсылықтары ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.

«Әке, Сіз мен үшін әрқашан батыр болып қаласыз. Арыстандай өмір сүріп, арыстандай кеттіңіз. Сіздің жақсылығыңыз бен игі істеріңіз ешқашан ұмытылмайды», – деді Әнуар Тобанияз.

Марқұмның ұлы жариялаған жазбадан кейін әлеуметтік желі қолданушылары отбасы мүшелеріне көңіл айтып, қайғыларына ортақтасқан.

Ақтөбеде кәсіпкер қалай қаза тапты?

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 16 қараша күні Ақтөбе қаласында болған.

Жанармай құю бекеттері желісінің басшысы Айболат Жисов өз үйінде атыс салдарынан қаза тапқан.

Алдын ала тараған ақпаратқа сәйкес, кәсіпкерге шабуыл жасаған адам оның көлігі мен бағалы заттарын алып кеткен.

Аталған қылмысқа күдікті ретінде марқұмның көршісі ұсталғаны хабарланды.

Share.
Exit mobile version