Алматыда эколог-блогер Ерлан Қыдырбаев ұсталды. Оған мемлекеттен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға бөлінген қаражатты жымқырды деген күдік келтіріліп отыр. Блогердің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында қылмыстық іс қозғалғанын айтқан, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.   

50 жастағы Ерлан Қыдырбаев ғылыми ортаға жақсы таныс. Ол бұған дейін «Байтақ» жасылдар партиясының хатшысы қызметін атқарған. Сонымен қатар блогерлікпен айналысып, YouTube арнасында түрлі тақырыпта бейнероликтер жариялап, танымал тұлғалардан сұхбат алған.

Белгілі болғандай, Қыдырбаев денсаулығына байланысты арнайы тамақтануды қажет ететін адамдарға арналған өнімдер өндіруге бағытталған екі ғылыми жобамен айналысқан. Атап айтқанда, қант диабеті мен целиакия сияқты аурулары бар адамдарға арналған глютенсіз және көмірсуы аз нан-тоқаш өнімдерін шығаратын өндіріс орындарын іске қосу жоспарланған.

Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы екі компанияның есепшотына жүздеген миллион теңге аударған. Тергеу нұсқасы бойынша, Қыдырбаев компанияларда жалдамалы қызметкер ретінде тіркелгенімен, олардың қызметін іс жүзінде өзі бақылаған.

Жобалар аясында кәсіпорындар жаңа өндірістік жабдықтар сатып алуы тиіс болған. Алайда тергеу мәліметтеріне сәйкес, компаниялар құжат жүзінде жаңа әрі қымбат техника сатып алған болып көрсеткенімен, іс жүзінде пайдаланылған және техникалық талаптарға сәйкес келмейтін жабдықтарды алған.

Осылайша, жабдықтардың құжаттағы құны мен нақты бағасы арасындағы айырмашылық қолма-қол ақшаға айналдырылып, куәгерлердің айтуынша, Қыдырбаевқа берілген. Бұдан бөлек, кәсіпорындар өз қызметін жүзеге асырып жатқандай көрсету үшін жалған жеткізілім құжаттарын рәсімдеген деген күдік бар. Ал іс жүзінде арнайы тағам өнімдері өндірілмеген.

Қазір аталған іске қатысты тергеуді Алматы қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізіп жатыр.

Мемлекетке келтірілген алдын ала шығын көлемі шамамен 150 миллион теңге деп бағаланып отыр.

Share.
Exit mobile version