Алматы облысындағы заңды ойын бизнесі субъектілерінен алты ай ішінде мемлекеттік бюджетке 25 млрд теңге салық түсті. Оның 10,6 млрд теңгесі өңірлік бюджетке аударылды, деп жазады Muztaumedia порталы. 

Ал, соңғы екі жарым жылда саладан мемлекеттік бюджетке жалпы 184,7 млрд теңге салық түскен. Оның 53,8 млрд теңгесі өңірлік бюджет кірісіне бағытталған. Жалпы Қонаев қаласында ойын бизнесі саласында 21 нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 5 казино, 13 букмекерлік кеңсе және 3 ойын автоматтары залы бар. Салада шамамен 2,5 мың адам еңбек етеді.

Ойын бизнесі аймақтың туризміне де оң әсер етіп отыр. Алматы облысы Туризм басқармасының мәліметінше, өңірдегі казиноларға келушілердің шамамен 20 пайызы – шетел азаматтары.

«Қонаев қаласына келген әрбір турист қонақүйлерде орналасып, қоғамдық тамақтану орындарына барады, көлік, сауда және басқа да қызмет түрлерін пайдаланады. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті экономиканың жандануына да ықпал етеді. Сондықтан туристік ағынның артуы өңірдің қызмет көрсету саласының дамуына оң әсер етуде», – деді Алматы облысы Туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.

 

Share.
Exit mobile version