Жәнібек Иманмәзір әлеуметтік желідегі жазбасында Алматыдағы «Заря Восток» ықшамауданындағы тұрғындардың өмір салтын мысалға келтіріп, қазақ жастарының түнгі тіршілігі мен қоғамдағы тәрбие мәселесін сынға алды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.  

Оның айтуынша, аталған ауданда тұратын ұйғырлар мен дүнгендер кешкі сағат сегіз-тоғыз шамасында ұйқыға жатып, таңертең ерте тұрып, күнделікті тіршілігін бастайды. Ал түнде көшелердің тыныш болатынын байқаған.

Автор мұны қазақ жастарының өмір салтымен салыстырып, олардың арасында түннің бір уағына дейін көшеде жүретіндер мен телефонға телміріп отыратындар көп екенін жазған. Сондай-ақ түнге дейін жұмыс істейтін дәмханалар мен асханаларда көбіне қазақ жастары отыратынын атап өткен.

«Таңға дейін істейтін асханалар мен кафелер түнгі қандала мен тарақандарға арналған сияқты», – деп жазды ол.

Бұдан бөлек, Жәнібек Иманмәзір ата-аналардың бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмейтінін айтып, қоғамдағы тәрбие мәселесіне алаңдаушылық білдірді.

Сондай-ақ ол қазақ қоғамында ағартушылық жұмысты күшейту қажеттігін алға тартты. Автордың пікірінше, халықтың денсаулығы, тамақтану мәдениеті, жастар тәрбиесі мен отбасылық құндылықтар да назардан тыс қалмауы керек.

Ол дұрыс тамақтанбау, түрлі аурулардың көбеюі және жас отбасылар арасындағы ажырасу мәселелерін де көтеріп, әр қазақты қоғамды ағартуға үлес қосуға шақырды.

Share.
Exit mobile version