Шарджа қаласында екі қазақстандық қыз Ақжан Боханова мен Жұлдыз Боханова қаза тапты. Бұл ақпаратты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ресми түрде растады, деп жазады Muztaumedia.kz.

Туыстарының айтуынша, 2004 және 2006 жылы туған апалы-сіңлілі қыздар Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс істеу үшін барған. Олар тамыздың соңы, қыркүйектің басында елге қайтуды жоспарлаған. Алайда шамамен бір апта бұрын қыздар байланысқа шықпай кеткен.

24 тамызда отбасыға екі адамның мәйіті табылғаны туралы хабар берілген.

Туыстары қыздардың өлтірілгенін және денелерінде пышақ жарақаттары болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ отбасы күдіктінің ұсталғанын, оның да Қазақстан азаматы болуы мүмкін екенін айтқан.

Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның мән-жайын Біріккен Араб Әмірліктерінің құзыретті органдары анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты істің егжей-тегжейі әзірге жарияланбайды.

Share.
Exit mobile version