Қарағанды облысында балық аулауға кеткен үш адам қаза тапты. Қайғылы оқиға Шахтинск қаласының маңында болған, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
17 қараша күні таңертең Шахтинск қаласының үш тұрғыны Есен өзеніне балық аулауға барған. 1959 және 1963 жылы туған екі ер адам мен 1963 жылы туған әйел Бородиновка ауылынан оңтүстікке қарай шамамен 15 шақырым жерге бет алған. Алайда олардың ешқайсысы үйіне оралмаған.
Жоғалған адамдар туралы хабар Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментіне сол күні сағат 23:40-та түскен. Құтқарушылар дереу іздестіру жұмыстарын бастаған. Іздеу түнгі уақытта жүргізілгендіктен және өзен мен жағалауды түгел тексеру қажеттігіне байланысты жұмыс қиындаған.
«Хабар түскен бойда оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жіберілді. Жоғалғандарды іздеуге ұшқышсыз ұшу аппараты, жылу түсіретін дүрбі, сүңгуірлік жабдықтар және Starlink спутниктік байланыс жүйесі жұмылдырылды. 18 қараша күні сағат 01:18-де құтқарушылар үш адамның да денесін тауып, судан алып шықты», – деп хабарлады Қарағанды облысының ТЖД.
Марқұмдардың денесі жағадан шамамен 10 метр қашықтықта, 2,5 метр тереңдіктен табылған. Іздестіру жұмыстарына ТЖД қызметкерлері, құтқарушылар, кинологиялық топ пен арнайы техника жұмылдырылды. Оларға полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және жоғалғандардың туыстары да көмектескен.
Алдын ала болжам бойынша, балықшылар жүрген кезде мұз ойылып, үшеуі де суға түсіп кеткен. Олардың үстінде құтқару кеудешелері болмаған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Осыған байланысты Қарағанды облысының ТЖД тұрғындарға ескерту жасады. Құтқарушылар мұз толық қатпайынша оның үстіне шығу қауіпті екенін еске салып, балық аулау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.
