Фото: скриншот
Бүгін бірқатар БАҚ пен пабликтерде Ақтөбе қаласындағы атыс-шабыс туралы ақпарат тарады. Тіпті кейбір тұрғындар оқиға болған жерге жақын тұрған балабақша бір күнге жұмысын тоқтатты деп жазған еді. Ақтөбе облысының полиция департаментінен қанды оқиғаға қатысты мәлімет таратты, деп жазады Muztaumedia.kz.
Жергілікті ақпарат құралдары жазғандай, бүгін, 16 қараша күні Ақтөбеде қара маска киген ер адам жер үйге шабуыл жасап, 49 жастағы ер адамды атып өлтіргенін жазған. Күдікті ақша мен қымбат бұйымдарды қолды етіп, марқұмның көлігімен қашып кеткен.
Әлеуметтік желіде таралған видеоға сенсек, Ақтөбенің шет жағын полиция қоршап алған. Полиция қазір күдіктіні ұстауға әрекеттеніп жатыр.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, полиция күдіктінің жеке басын әлі анықтамаған.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің жеке басын анықтау үшін және оны ұстау үшін тергеу басталды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды», — деп хабарлайды Ақтөбе облысының полиция департаменті.
Осы ретте полиция жалған ақпарат таратпауды өтініп, ресми дереккөздерге сенуге шақырады.
