1 қазан – Қарттар күніне орай Алматы қаласындағы №81 мектеп-гимназиясында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының «Қамқор» жобасы аясында «Қарттарға мейірім сыйлайық!» атты қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Тағылымды шараға Бостандық ауданындағы «Қамқор» әлеуметтік үйінің қарттары, мектеп әкімшілігі, ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында үлкенге құрмет, кішіге ізет, мейірімділік, жанашырлық және қамқорлық қасиеттерін қалыптастыру. Сонымен қатар қариялардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесін жас буынға дәріптеу арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттауға мән берілді.
Шара барысында оқушылар қарттарға арнайы дайындаған мерекелік концертін ұсынды. «Қарттарым – асыл қазынам» атты концерттік бағдарламада ән шырқалып, би биленіп, өлеңдер оқылды. Оқушылар өз өнерлері арқылы қарияларға жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізді.
Іс-шара аясында «Жылы жүрек – жомарт қол» атты қайырымдылық жәрмеңкесі де өтті. Оған мектеп оқушылары өз қолдарымен дайындаған түрлі тағамдар, тәттілер, қолөнер бұйымдары мен шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Жәрмеңке балаларды қайырымдылық жасауға, еңбекті бағалауға және айналасындағы адамдарға қолдау көрсетуге тәрбиелеуге бағытталды.
Ал «Берекелі дастархан – баталы қария» бөлімінде қонақтарға арнайы дастархан жайылып, оқушылар мен қариялар арасында еркін әңгіме өрбіді. Жас буын аға буынның өмірлік тәжірибесіне құлақ асып, ақыл-кеңесін тыңдады. Кездесу соңында оқушылар қариялардың батасын алды.
Бостандық ауданының білім бөлімінің басшысы Қасымбек Айгүл Жұмабекқызы қарттарды мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы орнына тоқталды.
«Бұл күн – аға буынның өнегелі өмір жолына құрмет көрсетіп, олардың ерен еңбегі мен мол тәжірибесіне тағзым ететін ерекше мереке. Сіздер – халқымыздың баға жетпес байлығы, тарихымыздың тірі куәгері, бірлігіміз бен берекеміздің ұйытқысысыздар.
Ұрпақ тәрбиесіндегі, әсіресе білім беру саласында ұзақ жылдар бойы тер төгіп, саналы ұрпақ өсірген ардагер-ұстаздарымыздың еңбегі ұшан-теңіз. Сіздердің қалдырған өнегелі жолдарыңыз – бүгінгі жас мамандар мен оқушылар үшін әрқашан үлгі-өнеге.
Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін! Балаларыңыз бен немерелеріңіздің қызығына тоймай, әрдайым төрдегі данагөй қазынамыз болып жүре беріңіздер!»
№81 мектеп-гимназиясының директоры Садыкова Назира Калпысбековна да мұндай кездесулердің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.
«Бүгін №81 мектеп-гимназияға «Қамқор» әлеуметтік үйінен қарттарымызды қонаққа шақырдық., «Қарттарға мейірім сыйлайық!» атты тағылымды қайырымдылық акциясын өткіздік. Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған бұл шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында жанашырлық, үлкенге құрмет пен мейірімділік қасиеттерін қалыптастыру. Кездесу барысында мектеп ұжымы мен ата-аналар ардақты қарияларға ыстық ықыластарын білдіріп, арнайы дайындаған мерекелік концерті мен сый-сияпаттарын тарту етті. Мұндай қайырымдылық бастамалары жастарды еңбекқорлыққа, отаншылдыққа және айналасына қамқор болуға тәрбиелеудің жарқын үлгісі болып табылады».
Шара барысында қариялар да мектеп ұжымына ризашылығын білдіріп, оқушыларға ақ тілектерін жеткізді. «Қамқор» әлеуметтік үйінен келген қонақ Тынчерова Зульфия Валиевна жастарға батасын беріп, ізгі ниетін білдірді.
Мектеп ұжымы мұндай тәрбиелік және қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, үлкенге құрмет көрсету, қарияның батасын алу және олардың өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу – ұлттық тәрбиенің маңызды бөлігі.
