Мемлекет басшысының Жарлығымен Арман Оразбайұлы Қырықбаев Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды. Ол бұған дейін Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі қызметін атқарған. Muztaumedia.kz ақпарат агенттігі жаңа министрдің еңбек жолы мен мемлекеттік маңызды қызметтерде жинаған мол тәжірибесіне тоқталды.

Арман Қырықбаев – мемлекеттік басқару, мәдениет, ішкі саясат және коммуникация салаларында мол тәжірибе жинаған маман. Ол еңбек жолында дипломатиялық қызметтен бастап, министрлік, өңірлік әкімдік және Президент Әкімшілігі деңгейіндегі бірқатар жауапты лауазымдарды атқарған.

Арман Оразбайұлы 1976 жылы Астана қаласында дүниеге келген. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «экономист» мамандығы бойынша, 2002 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын «халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын дипломатиялық қызметтен бастады

Қырықбаев еңбек жолын 1996 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Балтық жағалауы елдері басқармасында референт болып бастады.

1997-2000 жылдары Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінде атташе және үшінші хатшы қызметтерін атқарды. Кейін Сыртқы істер министрлігінің екінші хатшысы болды.

2002-2005 жылдары «АВЕ Корпорация» ЖАҚ стратегия және мониторинг департаментін басқарды.

Мәдениет саласында тәжірибесі бар

Арман Қырықбаевтың жаңа қызметіне тікелей қатысты тәжірибесі де жеткілікті. Ол 2006-2008 жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қоғамдық-саяси жұмыс және қоғаммен байланыс департаментінің директоры қызметін атқарды. 2008-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы болды.

2012-2013 жылдары Мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметін атқарды. Осы кезеңдерде ол мәдениет саласын басқару, мемлекеттік ақпараттық саясат және қоғаммен байланыс бағыттарында тәжірибе жинақтады.

Алматы әкімінің орынбасары болған

Қырықбаевтың мемлекеттік басқарудағы тәжірибесінің елеулі бөлігі Алматы қаласымен байланысты. 2005-2006 жылдары Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары болды. Кейін 2015-2019 жылдары және 2022-2024 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Бұл кезеңдерде ол қаланың әлеуметтік, қоғамдық және ішкі саясат бағыттарындағы мәселелерге жауап беретін басқару жұмысына қатысты.

Сондай-ақ 2010-2012 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Саясат пен коммуникация саласында да еңбек етті

Арман Қырықбаев 2014-2015 жылдары «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі, ал 2020-2022 жылдары «Nur Otan» партиясының хатшысы болды. 2024-2025 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 2025 жылғы 25 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.

Осылайша, оның еңбек жолында дипломатия, мемлекеттік басқару, мәдениет, ішкі саясат және коммуникация салалары тоғысып отыр.

Іскерлігі мен кәсібилігі

Арман Қырықбаевтың жаңа қызметке келуі оның мемлекеттік басқарудағы көпжылдық тәжірибесімен байланысты. Ол әр жылдары министрлік пен әкімдік құрылымдарында, саяси ұйымдарда және Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарып, түрлі деңгейдегі басқару міндеттерін орындады.

Жаңа қызметінде оған Қазақстанның мәдени саясатын дамыту, ақпарат саласын жетілдіру, азаматтық қоғаммен және шығармашылық қауымдастықпен тиімді байланыс орнату секілді маңызды бағыттар жүктеледі. Арман Қырықбаевтың мемлекеттік қызметтегі ұзақ жылдық тәжірибесі, мәдениет саласындағы бұрынғы жұмысы және коммуникация бағытындағы кәсіби тәжірибесі жаңа лауазымындағы міндеттерді абыроймен атқаруда маңызды маңызды рөл атқармақ.

Share.
Exit mobile version