Журналист Алмас Алтай «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» АҚ төрағасы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді,  деп хабарлайды Muztaumedia.kz.  

Ол әлеуметтік желідегі жазбасында бұл оқиғаны жемқорлықпен күрестегі маңызды қадам ретінде бағалады.

Журналистің айтуынша, бір күнде ірі мемлекеттік компанияларды басқарып отырған екі лауазымды тұлғаның ұсталғаны – назар аударарлық жағдай. Оның сөзінше, бұл оқиға елде «Заң мен тәртіп» қағидатының жүзеге асырылуына қатысты қоғамдағы талқылауды күшейте түседі.

Алмас Алтай жазбасында ұсталған тұлғалардың жоғары қызметі мен байланыстарына қарамастан, заң алдында жауап беруі керектігін атап өтті. Сондай-ақ ол ұлттық байлық пен мемлекеттік қаражатты жеке мүддеге пайдалануға жол бермеу маңызды екенін жеткізді.

Журналист жемқорлықпен күрес тек қатардағы қызметкерлерден басталмай, ірі лауазымды тұлғаларға да қатысты жүргізілуі қажет екенін айтты.

«Жемқорлықпен күрес деген осындай акулалардан басталуы керек қой. Әйтпесе, қатардағы кішкентай қызметкерлерден заңды қимыл талап етудің не қисыны бар?» – деп жазды ол.

Сонымен қатар Алмас Алтай аталған тұлғаларға қатысты тергеудің әділ әрі ашық жүргізілуі керектігін атап өтті. Оның пікірінше, кінәсі дәлелденген жағдайда олар заң аясында тиісті жазасын алуы тиіс.

Журналист жазбасын «Анау самұрық, мынау күйкентай» деп бөлмей, барлығына бірдей талап қойылуы қажет деген оймен түйіндеді.

Share.
Exit mobile version