Астанадағы мектептердің бірінде 11-сынып оқушысы сабаққа пышақ алып келіп, екі қатарласына шабуыл жасаған. Оқиға салдарынан зардап шеккен оқушыларға медициналық көмек көрсетілді,  деп хабарлайды Muztaumedia.kz.   

Полицияның мәліметінше, екі оқушы қыздың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілген.

Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысы бар кәмелетке толмаған оқушының профилактикалық есепке алынғанын және Психикалық денсаулық орталығының мамандарына тапсырылғанын хабарлады.

Сонымен қатар оқушының заңды өкілдері баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен екі жасөспірімнің де дәрігерлер тексеруінен кейін амбулаториялық ем қабылдау үшін үйлеріне жіберілгенін мәлімдеді. Оларды ауруханаға жатқызу қажет болмаған.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция сондай-ақ оқиғаның туындауына себеп болған жағдайларды анықтап, олардың алдын алу бойынша Оқу-ағарту басқармасы мен Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға ұсыныс енгізген. Бұдан бөлек, мектеп қауіпсіздігіне жауапты күзет ұйымының әрекетіне де құқықтық баға берілмек.

Тергеу мүддесіне байланысты оқиғаның өзге мән-жайлары әзірге жарияланған жоқ.

Share.
Exit mobile version