Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына бақылау күшейтілді. Енді белгіленген сауда үстемесін алғаш рет асырған кәсіпкерлерге ескерту жасалмай, бірден айыппұл салынады, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
«Сауда қызметін реттеу туралы» заңға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке қосылатын үстеме өндірушінің сату бағасының немесе жеткізу шартында көрсетілген көтерме сатып алу құнының 15 пайызынан аспауға тиіс.
Талапты алғаш рет бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай белгіленген:
- жеке тұлғалар мен шағын бизнеске — 5 АЕК;
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 35 АЕК;
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 150 АЕК.
Егер заңбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл тиісінше 10, 70 және 300 АЕК-ке дейін өседі.
Ресми мәлімет бойынша, жыл басынан бері елордада сауда саласындағы заңбұзушылықтарға байланысты 162 әкімшілік іс қозғалған. Оның 135-і әлеуметтік маңызы бар өнімдерге қосылатын үстеменің шекті мөлшерін асыруға қатысты. Жалпы сомасы шамамен 3,3 млн теңге айыппұл салынған. Бұған қоса, 60-тан астам кәсіпкердің азық-түлікке 15 пайыздан артық үстеме қосқаны анықталды.
