Астанада тұрғын үй ауласында болған жанжал соңы төбелеске ұласты. Мас күйдегі 28 жастағы ер адам алдымен қарт тұрғынды соққыға жығып, кейін оған араша түспек болған әйелге де қол көтерген, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.  

Әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы тарап, көпшіліктің назарын аударды. Кадрлардан күндізгі уақытта тұрғын үй ауласында белгісіз ер адамның қарт кісіге күш қолданып жатқанын көруге болады.

Оқиға Майлин көшесіндегі №23 үйдің ауласында болған. Бейнежазбаны жариялаған куәгердің мәліметінше, ер адам қарияны ұрғаннан кейін оқиғаға араласуға тырысқан әйелдің соңынан жүгіріп барып, оған да шабуыл жасаған.

Астана қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысы бар азаматтың жеке басы анықталып, ұсталғанын мәлімдеді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полицияның хабарлауынша, 28 жастағы ер адам мас күйде подъезден шығып, қарт тұрғынға дене жарақатын салған. Бұдан бөлек, оған араша түсуге әрекеттенген 41 жастағы әйелді де соққыға жыққан.

Ведомство мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін атап өтті. Сондай-ақ зорлық-зомбылық пен агрессияның кез келген көрінісі заң аясында бағаланып, кінәлілер жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Сонымен қатар полиция күдіктінің ұсталған сәті мен уақытша ұстау изоляторына қамалғаны бейнеленген видеоны жариялады.

Share.
Exit mobile version