Астанада биыл 50-ге жуық жол нысанында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін елордада тағы 15 шақырым жол салу жоспарланған. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz .
Әкімнің айтуынша, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту қаладағы қозғалысты жақсартып, көлік көп жүретін учаскелердегі кептелісті азайтуға мүмкіндік береді. Қазір елорданың бірнеше аумағында ірі жол жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Тәуелсіздік көшесіндегі жол құрылысы жалғасуда
Қабанбай батыр даңғылынан Хусейн бен Талал көшесіне дейінгі Тәуелсіздік көшесінің құрылысында инженерлік желілер тартылып, жол төсемі салынуда. Жоба аясында нөсер және шаруашылық-тұрмыстық кәріз жүйелері, кабельдік арналар, жылу және байланыс желілері, сондай-ақ кәріз сорғы станциясы салынып жатыр.
Бұл жол учаскесінің іске қосылуы Мәңгілік Ел мен Тұран даңғылдарындағы көлік жүктемесін азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар Хусейн бен Талал көшесі аумағында салынып жатқан нысандарды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қала әкімдігінің жоспарына сәйкес, қараша айының соңына дейін осы учаскеде жолдың бір жағымен көлік қозғалысын толық қамтамасыз ету көзделген.
Жангелдин көшесіндегі қозғалыс 10 қарашаға дейін ашылмақ
Жангелдин көшесінің құрылысы К. Күмісбеков және Ш. Бейсекова көшелерінің арасындағы көлік қатынасын жақсартады. Сондай-ақ №65 мектеп-гимназиясына, техникалық колледжге және «Білім-Инновация» мектеп-интернатына қатынауды жеңілдетеді.
Қазір мұнда инженерлік желілер тартылып, жол төсемі салынуда. Жоспар бойынша, 10 қарашаға дейін жобаның барлық учаскесінде көлік қозғалысын қамтамасыз ету көзделген.
Тілендиев пен Бейсекова көшелерінің қиылысында жолайрық салынуда
Н. Тілендиев даңғылы мен Ш. Бейсекова көшесінің қиылысында екі деңгейлі жолайрық құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Көпірдің металл конструкцияларын құрастыру аяқталған. «Астықжан» сауда үйі жағындағы учаскеде асфальтбетон жабынының екінші қабаты төселді.
Инженерлік коммуникацияларды тарту жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Су құбыры, шаруашылық-тұрмыстық және нөсер кәрізі, жылу мен байланыс желілері жүргізілген.
Сейфуллин көшесі жағында да құрылыс жалғасуда. Мұнда жол төсемін салу, асфальт төсеуге негіз дайындау және инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары атқарылып жатыр.
Жолайрық пайдалануға берілгеннен кейін Ақан сері, Ш. Қосшығұлұлы және К. Күмісбеков көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік туады. Сонымен бірге Көктал мен Агроқалашық тұрғындарының қатынауы жеңілдеп, елорданың оң және сол жағалаулары арасындағы көлік байланысы жақсарады. Үркер елді мекеніне қатынайтын бағыттың да тиімділігі артады.
Абайдың 150 жылдығы көшесі жыл соңына дейін ашылуы мүмкін
Тілендиев даңғылынан Бейбарыс Сұлтан көшесіне дейін Абайдың 150 жылдығы көшесін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жол төсемі төселуде. Жыл соңына дейін көлік қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланған.
Ал Пригородный елді мекеніндегі Местная 7 және Е522 көшелерінің құрылысы аясында Е522 көшесінде нөсер суын ағызатын кәріз жүйесі салынған. Қазір су құбыры желілерін жүргізу және жол төсемін салу жұмыстары жалғасуда. Осы учаскенің 600 метріне асфальтбетон жабынының төменгі қабаты төселген.
Қазан айының соңына дейін Е522 көшесінде көлік қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, жол жөндеу және құрылыс жұмыстары елорданың барлық ауданында жүргізілуде. Мердігер ұйымдарға белгіленген мерзімдерді қатаң сақтау және жұмыстардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылған.
