Республикалық маңызы бар «Атамекен — Ақсу — Көктөбе — Үлкен Ақжар — Курчатов» автожолының учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Жолдың 15 шақырымы жаңартылды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Мердігер ұйым «Гордорстрой» ПКФ» ЖШС қолданыстағы асфальтбетон жабынының жоғарғы және төменгі қабаттарын, соның ішінде өтпелі-жылдамдық жолақтарын, түсірмелер мен көлік аялдамалары алаңдарын фрезерлеу жұмыстарын жүргізді. Одан кейін екі қабатты асфальтбетон жабыны төселді.
Жол жабынының төменгі қабаты ірі түйіршікті тығыз асфальтбетоннан, ал жоғарғы қабаты щебень-мастикалық асфальтбетон қоспасынан орындалды.
Сонымен қатар жөндеу жүргізілген учаскедегі екі көлік айрығында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ондағы металл барьерлік қоршаулар толықтай ауыстырылды. Жол белгілерін салу жұмыстары да аяқталды.
Жөндеу жұмыстарының барлық кезеңінде орындалған жұмыстардың сапасын «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Павлодар облысы бойынша филиалының мамандары бақылауда ұстады.
«Аталған нысанға мамандарымыз 17 рет барып, жол-құрылыс материалдарының 61 сынамасын алды. Олардың қатарында фракциялық қиыршық тас, табиғи құм және ыстық асфальтбетон қоспалары бар. Барлық алынған сынамалар филиалдың жол зертханасында сынақтан өткізілді. Бақылау барысында анықталған ескертулер мен ақаулар жұмыс жүргізу барысында жедел түрде жойылды», — деп хабарлады «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Павлодар облысы бойынша филиалы.
