Спорт журналисі Асылан Қаженов әлеуметтік желідегі жазбасында Геннадий Головкинге қатысты жариялаған материалдан кейін өзіне қысым жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Оның айтуынша, Жапонияда болған жағдайдан кейін постты өшіруді талап еткен хабарламалар келген. Журналист постты өшірмесе, эфирге шығармайтынын, жұмыстан шеттететінін және заң бойынша жауапқа тартатынын айтқан.
«Екі күннен кейін «ұлтаралық алауыздықты қоздырдың» деген себеппен соттатқалы жатырмыз дегенді тағы жеткізді. Амал жоқ, постты алып тастадым. Отбасы бар, бала-шаға бар дегендей», – деп жазды Асылан Қаженов.
Журналистің сөзінше, Астанаға келгеннен кейін де оған жұмыстан өз еркімен кету немесе бірнеше бап бойынша сотқа тартылу туралы талап қойылған.
«Енді Астанаға келсем, жұмыста «қазір өз еркіңмен қызметіңнен кет немесе бірнеше бап бойынша соттатамыз» дегенді алға тартады. «Хабар» Агенттігінің заңгері кәдімгідей ізденіп, бүкіл постымды зерделеп шығыпты. Арасынан «қаракөздер құқығын қорғамадың» дегенді ұлтаралық алауыздықты қоздыру, «сенің көтіңе кірмеймін» дегенді жеке басын балағаттау деп, кәдімгі ресми арыз-шағымдарын дайындап қойыпты», – деді ол.
Қаженовтің айтуынша, аталған істер Ішкі істер министрлігінде қаралып жатыр. Сондай-ақ журналист оған қысым жасауға жоғарыдан тапсырма берілгені туралы ақпарат естігенін жеткізді.
«Ең қызығы – барлық тапсырманы Президент Әкімшілігіндегі бір адам беріп отыр дейді. Одан кейін ақпаратқа жауапты министрдің тікелей тапсырмасы дегенді естідім. Жазбасы да бар», – деп жазды спорт журналисі.
Асылан Қаженов бұл жағдайды сөз бостандығы мен журналист құқығына қатысты мәселе деп бағалап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады.
«Қазақ спортының проблемасын айту – қылмыс па? Қазақ спортшыларының жанайқайын жеткізуші – қылмыскер ме? Сөз бостандығы қайда? Журналистің құқығы қайда?» – деді ол.
Журналист өзіне жасалып жатқан қысымға қарамастан, отандық спорттағы мәселелерді ашық айтуға ниетті екенін жеткізді.
