Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртай жатақханада қайтыс болды. Марқұмның туыстары оның жоғары курс студенттерінің күш көрсетуі салдарынан көз жұмғанын айтып отыр, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.   

Туыстарының мәліметінше, екінші курстың сегіз студенті бірінші курста оқитын екі студентті өз бөлмесіне шақырып алып, оларға күш көрсеткен. Олардың айтуынша, Дауылды алдымен электрошокермен құлатып, кейін ұрып-соққан. Ал қасындағы студентті шамамен бір сағат бойы басын төмен қаратып, аяғынан көтеріп тұруға мәжбүрлеген.

Жақындары жатақханада жоғары курс студенттері тарапынан қысым көрсету, яғни «дедовщина» болғанын алға тартады. Олардың сөзінше, Дауыл қайғылы оқиғадан екі күн бұрын туыстарына жоғары курс студенттерінің бірінші курс студенттеріне талап қоятынын айтқан.

Туыстарының мәліметінше, оқиға түнгі сағат 00:00 шамасында болған. Ал Дауыл таңғы 03:45-те қайтыс болған. Мәйітхана мамандары оның жүрек тұсында бірнеше соққы ізі болғанын хабарлаған.

Бұл жағдай әлеуметтік желіде де қызу талқыланып жатыр. Кейбір студенттердің жазуынша, оқиға университеттің №4 жатақханасында болған. Сондай-ақ желіде деканат пен жатақхана коменданты студенттерді оқудан және жатақханадан шығарамыз деп қорқытқаны туралы пікірлер тараған. Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Алматы қалалық Полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Аталған факті бойынша Бостандық ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.

Күдікті ұсталды.

Қазіргі уақытта істі толық, жан-жақты және объективті тергеуді қамтамасыз етуге бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде», – деп мәлімдеді Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы тергеу аясында анықталып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұл – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тіркелген студент өлімінің екінші жағдайы. Бұл жайт университеттегі студенттердің қауіпсіздігі мен жатақханадағы тәртіп мәселесін қайта көтерді.

Share.
Exit mobile version