Қазақстанға 2,3 трлн теңге төлеуі тиіс NCOC консорциумынан айыппұл өндіріп алу уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz. 

Жағдайға қатысты Әділет министрлігі түсініктеме берді, деп жазды Azattyq Rýhy. 

Ведомствоның мәліметінше, NCOC мемлекеттік сот орындаушысының жұмысына шағым түсірген. Осыған байланысты Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты атқарушылық іс жүргізуге қатысты материалдарды сұратқан. Заңға сәйкес, сот атқарушылық іс жүргізуге қатысты материалдарды сұратса, іс сот материалдарды қайтарғанға дейін уақытша тоқтатылады. Осы себепті NCOC-тен мемлекет пайдасына қаражат өндіріп алу процесі уақытша тоқтатылған.

Әділет министрлігі сот материалдарды қайтарғаннан кейін, NCOC-тен қаражат өндіріп алу процесі заңда белгіленген тәртіппен жалғасатынын атап өтті.

NCOC-тен өндірілмек болған қаражат — Қашаған кен орнындағы экологиялық талаптарға байланысты салынған 2,3 трлн теңге көлеміндегі айыппұл болатын.

2022 жылы Атырау облысының Экология департаменті Қашаған кен орнында тексеру жүргізді. Ведомство мәліметінше, «Болашақ» кешенде 1,2 млн тоннадан астам артық күкірт сақталған. Күкірттің жалпы көлемі белгіленген нормадан екі еседен асып кеткен. Сонымен қатар консорциумға шикі газды рұқсатсыз жағу және ластанған ағын суларды төгу бойынша талаптар қойылған. 2023 жылы наурызда Экология және табиғи ресурстар министрлігі NCOC-ке шамамен 2,3 трлн теңге экологиялық айыппұл салды. Компания заңбұзушылықтарды мойындамай, күкіртті өндіру мен сақтау Қазақстан заңнамасы мен қолданыстағы стандарттарға сәйкес жүргізілетінін мәлімдеді.

Тараптар арасындағы дау кейін Қазақстан соттарында және халықаралық арбитражда жалғасты. 2025 жылы 1 тамызда Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы Экология министрлігінің NCOC-ке қатысты нұсқамасын шығару кезінде процессуалдық талаптар сақталмағанын айтып, оның күшін жойды. Кейін ведомство сот көрсеткен кемшіліктерді түзетіп, компанияға қайтадан талап қойды. 2025 жылы желтоқсанда Астана соты NCOC-тің экологиялық айыппұлға қатысты апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. 2026 жылы ақпанда Қашаған жобасына қатысатын шетелдік акционерлер Қазақстанға қарсы халықаралық арбитражға жүгінді. Іс БҰҰ-ның UNCITRAL халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының ережелері бойынша қаралып жатыр.

Қазақстандағы сот процесі де жалғасты. 8 сәуірде Астана соты NCOC-тен 2,3 трлн теңге өндіріп алу туралы шешімді растады. 19 маусымда Атырау облыстық соты төменгі сот шешімін күшінде қалдырды. Компанияға айыппұлды 20 шілдеге дейін ерікті түрде төлеу жөнінде талап қойылды. Төлем жасалмаған жағдайда мемлекеттің мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданатыны айтылды.

16 шілдеде халықаралық арбитраждық трибунал Қазақстан билігіне NCOC консорциумына қатысты мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын арбитраж аяқталғанға дейін қолдануға тыйым салатын қамтамасыз ету шарасын шығарды.

Әділет министрлігі аталған шешімнің Қазақстан соты шығарған, заңды күшіне енген шешімді орындауға кедергі келтірмейтінін атап өтті. Қазір NCOC мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттеріне шағымданып отыр. Сот атқарушылық іс жүргізу материалдарын сұратқандықтан, өндіріп алу процесі заң талаптарына сәйкес уақытша тоқтатылды.

Әділет министрлігі өндіріп алудың түпкілікті тоқтатылмағанын және сот материалдарды қайтарғаннан кейін процесс белгіленген тәртіппен жалғасатынын мәлімдеп отыр.

Share.
Exit mobile version