Қазақстанда ғылымды дамыту, отандық зерттеушілердің жетістіктерін насихаттау және жас ғалымдарға жағдай жасау бағытында бірқатар бастама жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдары ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі артып, ғалымдардың әлеуметтік қолдауы кеңейді. Сонымен қатар жоғары білім беру жүйесінде де өзгерістер бар, деп жазады Muztaumedia.kz ақпарат порталы.
Еліміздің ғылыми әлеуеті қандай, қазақстандық ғалымдар қандай жаңалық ашып жатыр және ғылымға бет бұрған жастарға қандай мүмкіндік ұсынылған?
Ғылымға бөлінетін қаржы артып келеді
Қазақстанда ғылым саласына бөлінетін қаржы көлемі соңғы жылдары айтарлықтай өскен. Ұлттық статистика бюросы мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған ішкі шығын 261,5 миллиард теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш жеті жылда 3,2 есе артқан. Ал гранттық қаржыландыру көлемі 90,2 миллиард теңгені құраған.
Ғылыми зерттеулермен айналысатын мамандар саны да көбейіп келеді. 2025 жылы Қазақстанда ғылым саласында 28 374 адам еңбек еткен. Олардың 11 872-сінің ғылыми дәрежесі бар. Зерттеушілердің шамамен 47 пайызы – 40 жасқа дейінгі жастар. Қазір елімізде 434 ұйым ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Бұл деректер ғылымға қызығушылықтың артып, зерттеу саласына жастардың көбірек келе бастағанын көрсетеді.
Отандық ғалымдардың қандай жетістіктері бар?
Қазақстандық зерттеушілер медицина, биотехнология, металлургия, ақпараттық технологиялар және ауыл шаруашылығы салаларында тың жобаларды жүзеге асырып келеді.
Мәселен, Назарбаев университетінің профессоры Дос Сарбасов бастаған ғалымдар тобы қатерлі ісік жасушаларына әсер ететін DVC препаратының үстінде жұмыс жүргізді. Препарат клиникалық зерттеулердің бастапқы екі кезеңінен өткен. Ал Satbayev University ғалымдарының технологиясы негізінде Балқашта тазартылған селеннің алғашқы партиясы өндірілген.
Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан техникалық университетінің зерттеушілері медицина саласына арналған отандық имплантаттар әзірледі. Қазақстандық мамандар қазақ тіліндегі жасанды интеллект технологияларын дамытуға бағытталған KazLLM тілдік моделін де ұсынды. Бұл жобалар ғылым жетістіктерін өндіріс пен күнделікті өмірге енгізудің маңызды мысалдары саналады.
Жас ғалымдарға қандай мүмкіндік бар?
Ғылымның болашағы – жас зерттеушілердің қолында. Сондықтан Қазақстанда олардың кәсіби дамуына, ғылыми жобаларын жүзеге асыруына және әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарламалар іске асырылуда.
Соның бірі – «Жас ғалым» гранттық бағдарламасы. Ол жас зерттеушілерге өз жобаларын ұсынып, ғылыми жұмысын қаржыландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ғалымдар шетелдің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өте алады.
Ресми дерекке сәйкес, 2025 жылы ғылыми қызметкерлердің жалақысы 18 пайызға ұлғайған. 813 жас ғалым баспанамен қамтамасыз етілген, ал 1 543 зерттеуші халықаралық ғылыми тағылымдамадан өткен. Бұған қоса, жас ғалымдарға мемлекеттік ғылыми стипендиялар тағайындалып, үздік зерттеушілерге арнайы сыйлықтар беріледі.
Алайда жас зерттеушілер үшін тек грант пен қаржылай қолдау жеткіліксіз. Ғылыми жобаны ұзақ мерзім бойы зерттеуге мүмкіндік, заманауи зертхана, тұрақты қаржыландыру және ғылыми нәтижені өндіріске енгізетін орта қажет.
Жоғары білім беру жүйесінде қандай өзгеріс бар?
Ғылымның дамуы жоғары білім беру сапасымен тығыз байланысты. Университеттер тек маман даярлайтын мекеме емес, жаңа идеялар мен технологиялар қалыптасатын ғылыми орталық болуы тиіс.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025–2026 оқу жылының басында Қазақстанда 116 жоғары оқу орны жұмыс істеген. Онда 678,1 мың студент білім алады. Оның 208,9 мыңы осы оқу жылында университеттерге қабылданған. Ал докторанттар саны 9 491 адамға жеткен.
Жоғары білім саласындағы маңызды міндеттердің бірі – университеттердегі ғылыми зерттеулерді күшейту, халықаралық академиялық байланыстарды дамыту және студенттерді ғылыми жобаларға ерте кезеңнен тарту. Бұл жастардың зерттеушілік қабілетін дамытып қана қоймай, елдегі ғылыми кадрлар қорын толықтыруға мүмкіндік береді.
Ғалым пікірі: ғылымға тек қаржы емес, тұрақты мүмкіндік қажет
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Зарема Шаукенова ғылымды дамытуда жас зерттеушілердің сабақтастығы мен кәсіби ортаның маңызы зор екенін айтады.
Оның пікірінше, Қазақстан ғылымында ұзақ уақыт бойы кадрлардың басқа салаларға кетуі және ғылым беделінің төмендеуі салдарынан аға және жас буын арасындағы байланыс әлсіреген. Профессор ғылымды дамыту үшін талантты жастарды ерте жастан зерттеуге баулып, тәжірибелі ғалымдардың білімін кейінгі буынға жеткізу қажет екенін атап өткен.
«Ақша барлық мәселені шешпейді!» деген пікірін де білдірген ғалым нағыз зерттеушіге материалдық қолдаумен қатар, жаңа білімге деген құштарлық пен ізденіс қажет екенін жеткізеді.
Ғылымды насихаттау – болашаққа салынған инвестиция
Ғылымды дамыту тек зертханалар мен университеттердің міндеті емес. Ғылыми жаңалықтарды көпшілікке түсінікті тілде жеткізу, оқушылар мен студенттердің зерттеуге қызығушылығын арттыру да маңызды. Бұл бағытта ғылыми форумдар, конференциялар, олимпиадалар, ашық дәрістер мен жас зерттеушілерге арналған байқаулардың рөлі зор.
Қазақстанда ғылымды қаржыландырудың артуы, жас ғалымдарға арналған бағдарламалар және университеттердің ғылыми әлеуетін күшейту жұмыстары жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Ендігі маңызды міндет – ғылыми жаңалықтардың тек жарияланым күйінде қалмай, өндірісте, медицинада, ауыл шаруашылығында және күнделікті өмірде қолданылуына жағдай жасау.
Өйткені ғылымға салынған инвестиция – елдің технологиялық тәуелсіздігіне, экономикалық дамуына және болашақ ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігіне салынған инвестиция.
