Қазақстанда әлеуметтік қолдау жүйесін қайта қарау жоспарланып отыр. Бұл туралы саясаттанушы, Орталық Азия елдері бойынша маман, Ұлттық талдау орталығының аға зерттеушісі Расул Коспанов мәлімдеді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Оның айтуынша, 2025 жылы Қазақстан зейнетақы мен түрлі әлеуметтік төлемдерге шамамен 5,9 трлн теңге, яғни ЖІӨ-нің 3,7%-ын бағыттаған. Салыстыру үшін, Ресейде бұл көрсеткіш 1,6%-ды құраса, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстанда әлеуметтік көмекке ЖІӨ-нің 1%-дан аспайтын бөлігі жұмсалады.
Сарапшы Қазақстандағы әлеуметтік төлемдердің бір бөлігі азаматтың материалдық жағдайына емес, әлеуметтік мәртебесіне қарай тағайындалатынын атап өтті.
«Нәтижесінде бірдей қолдауды Forbes тізіміндегі азаматтар да, қиын өмірлік жағдайға тап болған қазақстандықтар да ала алады. Мұндай теңестіру қаншалықты әділ?» – деді Расул Коспанов.
Сарапшының мәліметінше, 2027 жылдан бастап әлеуметтік көмекті неғұрлым атаулы ету жоспарланып отыр. Ол үшін отбасының әлеуметтік жағдайын бағалайтын Цифрлық отбасы картасы арқылы азаматтар әлеуметтік әл-ауқатына қарай A-дан E-ге дейінгі бес санатқа бөлінеді.
Коспановтың айтуынша, экономикалық жағдайы жоғары A және B санатындағы отбасыларға бірқатар әлеуметтік төлемдер берілмеуі мүмкін. Олардың қатарында бала тууға байланысты төлемдер, бала күтіміне арналған жәрдемақылар және көпбалалы отбасыларға берілетін кейбір төлемдер бар.
Бұл санатқа бірнеше жылжымайтын мүлікке немесе көлікке иелік ететін, сондай-ақ табысы жоғары азаматтар жатқызылуы мүмкін.
Сонымен қатар, сарапшы мүгедектігі бар азаматтарға берілетін мемлекеттік қолдау отбасының материалдық жағдайына қарамастан сақталатынын атап өтті. Атап айтқанда, мүгедектігі бар балаларға, сондай-ақ I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға тиісті жәрдемақылар тағайындалады.
«Ақпараттық кеңістікте алдағы өзгерістерге қатысты алаңдаушылық көп. Оның бір бөлігі негізді. Алайда әңгіме әлеуметтік қолдауды толық жою туралы емес, оны бөлу тәртібін қайта қарау туралы болып отыр», – деді ол.
Расул Коспанов жаңа жүйе іске қосылған алғашқы кезеңде қателіктер болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Оның пікірінше, отбасының қаржылық жағдайын бағалау қаншалықты объективті жүргізілетінін және қателіктер анықталған жағдайда мемлекет оларды қалай түзететінін бақылау маңызды.
«Қорытынды жасап, дүрбелеңге салынбас бұрын, алдымен өзіміздің қай санатқа жататынымызды анықтап алғанымыз жөн», – деді саясаттанушы.
