Қазақстанда жүргізушісіз такси қызметін 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.  

Yandex Qazaqstan бас директоры Тимур Шәлекеновтің айтуынша, қазір Алматыда алғашқы жүргізушісіз көлік сынақтан өтіп жатыр. Тестілеу барысында көлік қала туралы қажетті деректерді жинап, оның цифрлық картасын қалыптастыруға көмектеседі.

Коммерциялық жолаушылар тасымалын бастамас бұрын көлік сынақ режимінде бірнеше мың шақырым жол жүруі тиіс. Сонымен қатар жүргізушісіз көліктерді пайдалануға мүмкіндік беретін нормативтік-құқықтық база әзірленіп жатыр.

Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, пилоттық жоба Алматы, Астана және Қосшы қалаларында іске қосылған.

«Пилоттық жоба қазірдің өзінде Алматы, Астана және Қосшы қалаларында іске қосылды. Жүргізушісіз таксиді 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр», – деп баяндады Жаслан Мәдиев.

Share.
Exit mobile version