АҚШ-тың Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) мамандары 21-25 қыркүйек аралығында Қазақстанда ұшу қауіпсіздігіне қатысты халықаралық аудит жүргізеді. Бұл Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын іске қосу бойынша жүргізіліп жатқан келіссөздердегі маңызды кезең болмақ, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Аудит аясында FAA сарапшылары Қазақстанның авиация саласындағы заңнамасын зерттеп, елдегі ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік бақылау жүйесіне баға береді.
Көлік министрлігінің мәліметінше, сарапшылар тобы халықаралық авиациялық құқық, авиация мамандарын лицензиялау, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы және ұшу операциялары бағыттары бойынша мамандардан құралған.
Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейс орындауға Air Astana әуе компаниясы өтінім берген. 24 қыркүйекте америкалық мамандардың компанияға техникалық сапары жоспарланған.
IASA бағалауы аяқталған соң FAA қорытынды брифинг өткізіп, кейін жазбаша есеп ұсынады.
Бұған дейін «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның бас атқарушы директоры қызметіне Майкл Дэниел тағайындалған еді. Ол Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе қатынасын іске қосу жұмыстарына жауап береді.
АҚШ-қа тікелей рейс қашан ашылады?
Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. 2021 жылы Қазақстан тарапы рейстерді 2025 жылы іске қосуды жоспарлағанын мәлімдеген.
Кейін Көлік министрлігі тікелей рейстерді 2026 жылдың соңына қарай іске қосуды көздеп отырғанын хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, Астана немесе Алматыдан АҚШ-қа тікелей ұшу шамамен 15-16 сағатқа созылуы мүмкін.
