Қазақ тілінің шетелде зерттелуіне үлес қосқан ғалымдардың бірі – Борис Николаевич Шнитников. Ол 1966 жылы АҚШ-та жарық көрген қазақша-ағылшынша сөздіктің авторы. Мәдениеттанушы, дінтанушы Мұртаза Жүнісұлы осы ғалымның өмірі мен еңбегі туралы жазып, қазақ тілін шетелде зерттеудің тарихына тоқталды, деп жазады Muztaumedia.kz.   

Мұртаза Жүнісұлының айтуынша, оның Борис Шнитниковтің еңбегімен танысуына түрік ғалымы Ферхат Тамирдің зерттеуі себеп болған. 1984 жылы Анкарадағы Ғазы университетінің докторанты Ферхат Тамир Баркөл қазақтарының тілін зерттеуге кірісіп, қалада тұратын қазақ отбасыларымен байланыс орнатқан.

«Ферхат мырза осы үлкен кісілермен сұхбаттасып, өзінің зерттеу тақырыбы “Баркөл қазақтарының тілі” бойынша материалдар жинаумен болды», – деп жазды Мұртаза Жүнісұлы.

Автордың сөзінше, Ферхат Тамир оның отбасына да жиі келіп, қазақ тілінің грамматикасы мен семантикасына қатысты сұрақтар қойған. Әкесі түрік тілін білмегендіктен, Мұртаза Жүнісұлы екеуінің арасында аудармашы болған. Осылайша, ол да қазақ тілінің ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік алған.

Ферхат Тамирдің екі жылға жуық жүргізген зерттеуі нәтижесінде «Баркөлден қазақ түрікшесі мәтіндері» атты докторлық диссертациясы 1989 жылы Анкарада жарық көрген. Мұртаза Жүнісұлының айтуынша, ғалым еңбегінің алғысөзінде марқұм әкесіне және өзіне бірнеше рет алғыс білдірген.

Борис Шнитников қазақ тіліне қалай қызығушылық танытқан?

Мұртаза Жүнісұлының жазуынша, Борис Николаевич Шнитников 1886 жылы Санкт-Петербургте дүниеге келген. Әкесі заңгер болған, ал анасы ғалым Оттон Бётлингктің жиені еді. Бётлингк үнді тілдерін, соның ішінде көне санскрит тілін зерттеуімен танылған. Ол якут тілін де зерттеген.

Шнитников Тенишев мектебін бітіргеннен кейін Санкт-Петербург политехникалық институтының экономика факультетінде білім алған. 1912 жылы Ресей империясының Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған экспедиция құрамында қазіргі Қазақстан аумағына келген. Автордың пайымдауынша, қазақ жерінде болған кезең оның қазақ халқына, тілі мен салт-дәстүріне деген қызығушылығын арттырған.

Кейін Шнитников сауда саласында жұмыс істеп, Владивосток, Гонконг және Лондон сияқты қалаларда болған. Қазан төңкерісінен кейін Парижге, ал 1925 жылы АҚШ-қа қоныс аударған. Сол елде өмірінің соңына дейін қазақ тілінің сөздік қорын жинаумен айналысқан.

«1925–1959 жылдары жинаған материалдарының бәрін сөздік қып дайындап, баспаға ұсынады. Бұл Совет Одағынан тыс елдерде жинақталған және жарияланған тұңғыш сөздік болғанымен де өте құнды еңбек», – деп жазды Мұртаза Жүнісұлы.

Ғалымның еңбегін досы аяқтаған

Борис Шнитников сөздікті толық аяқтап үлгермей, 1961 жылы ауыр науқастан қайтыс болған. Оның жақын досы, лингвист әрі этнограф Николай Поппе сөздіктің қалған бөлігін аяқтауға уәде берген. Поппе уәдесін орындап, жұмыстың жалғасын докторант Раймонд Хебертке тапсырған және оның дайындалуын бақылаған.

Нәтижесінде «Kazakh-English Dictionary» атты қазақша-ағылшынша сөздік 1966 жылы АҚШ-тағы Индиана университетінің баспасынан жарық көрген. Еңбек Орал-Алтай тілдерін зерттеуге арналған серияның 28-томы ретінде басылған. Сөздікке алғысөзді Николай Поппе жазған.

Мұртаза Жүнісұлының мәліметінше, сөздіктің алғашқы басылымы 301 беттен тұрған. Кейін еңбек бірнеше рет қайта басылып, 2011 және 2017 жылдары да жарық көрген. Автор бұл сөздікті қазақ тілін шетелде танытуға үлес қосқан құнды ғылыми еңбек ретінде бағалайды.

«Қазақ тілінің, Совет одағының бар кезінде, шетелде зерттелуіне және ғылыми кітап болып шығуына қосқан бір тамшы үлесімді әлі күнге мақтан етемін», – деп жазды Мұртаза Жүнісұлы.

Мақала авторы қазақ тілін зерттеп, оны шетелдік ғылыми ортаға танытуға еңбек сіңірген Борис Шнитников пен Ферхат Тамир сияқты ғалымдарға алғыс білдірген. Оның пікірінше, мұндай зерттеулер қазақ тілінің тарихын тереңірек тануға және оның халықаралық деңгейде насихатталуына ықпал етеді.

Share.
Exit mobile version