Қазақстанда адам құқықтарын қорғау саласында бірқатар нақты заңнамалық шешімдер қабылданды. Олардың қатарында азаптаулар үшін жауапкершілікті күшейту және өлім жазасынан толық бас тарту бар. Бұл шаралар адамның өмірі мен қадір-қасиетін қорғауға бағытталған маңызды қадамдарға айналды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.

Құрылтай депутаты Айжан Аймағанованың пікірінше, бұл өзгерістерді заңнамадағы жекелеген нормалар ретінде ғана қарастыруға болмайды. Олар мемлекеттің адамға, оның өміріне, ар-намысы мен қадір-қасиетіне деген көзқарасының өзгергенін көрсетеді.

Азаптауларды тергеу тәртібі мен олар үшін жауапкершілік күшейтілді

Айжан Аймағанова азаптауға қатысты заңнаманы қатаңдатуды адам құқықтарын қорғау жүйесіндегі маңызды өзгерістердің бірі деп санайды.

Оның айтуынша, азаптаулар үшін жауапкершілікті күшейтумен қатар, мұндай істерді тергеу тәртібі де өзгерді.

2023 жылдан бастап азаптауларға қатысты қылмыстық істерді тергеу прокуратура органдарына берілді. Депутаттың атап өтуінше, бұл шешім тергеудің объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін маңызды тетікке айналды.

Айжан Аймағанованың пікірінше, азаптау туралы әрбір арыздың тіркелуі де маңызды. Адамның шағымы назардан тыс қалмауы тиіс. Қазіргі кезде мұндай өтініштер міндетті түрде тіркеліп, электрондық жүйе арқылы бақылауға алынады.

Бұл бағыттағы өзгерістер тек жауапкершілік мәселелерімен шектелмейді. Ұсталған адамдар үшін адвокатқа қол жеткізу, медициналық куәландырудан өту және ұсталғаны туралы туыстарына хабарлау мүмкіндігін қоса алғанда, құқықтық кепілдіктер де күшейтілді.

Депутат бұл тетіктердің барлығы бір мақсатқа – қылмыстық процестің алғашқы кезеңдерінен бастап адам құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Айжан Аймағанова азаптаулар үшін жауапкершілікті күшейтуді де осы қағидамен байланыстырады. Бүгінде мұндай қылмыс жасаған адамдарға бірқатар жеңілдіктер қолданылмайды, оның ішінде рақымшылық жасау, қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдерін қолдану, шартты түрде соттау және шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндіктері жоқ.

Атап айтқанда, 2018 жылғы шілдеден бастап мұндай адамдарды шын өкінуіне немесе тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігі алынып тасталды, 2023 жылғы наурыздан бастап шартты түрде соттауға тыйым салынды, ал 2025 жылғы шілдеден бастап шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға жол берілмейді.

Оның пікірінше, бұл – мемлекеттің азаптауға қатысты ұстанымының өзгермейтінін көрсететін нақты құқықтық кепілдік.

Өлім жазасынан бас тарту – өмір сүру құқығын таңдау

Қазақстанның адам құқықтарын қорғау саласындағы тағы бір маңызды шешімі – өлім жазасынан толық бас тарту.

Айжан Аймағанова бұл шешімнің маңызы жазаның бір түрін алып тастаумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның пікірінше, өлім жазасынан бас тарту адамның өмір сүру құқығын мемлекеттің ең жоғары құндылықтарының бірі ретінде бекітті.

Қазақстан бұл шешімге кезең-кезеңімен келді. 2003 жылы өлім жазасына мораторий енгізілді. Кейін ел оны жоюға бағытталған халықаралық міндеттемелерді қабылдады. 2021 жылдың соңында өлім жазасын заңнамалық деңгейде жою туралы шешім қабылданды, ал 2022 жылы оған толық тыйым салу Конституцияда бекітілді.

Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын бекітуге ерекше орын берілді. Ата Заңның қағидатты ережелерінің бірі – өлім жазасына тыйым салуды конституциялық деңгейде бекіту.

Бұл норма ерекше құқықтық және қоғамдық маңызға ие, өйткені ол әрбір адамның өмір сүру құқығын ең жоғары әрі ажырамас құндылық ретінде танумен тікелей байланысты.

Депутат бұл үдерістің жүйелі түрде жүзеге асырылғанына назар аударды. Оның айтуынша, ел үшін жазаның қатаңдығынан гөрі заңның адам өмірін қорғауды қамтамасыз ету қабілеті маңызды.

Өлім жазасынан толық бас тарта отырып, Қазақстан өмір сүру құқығына қатысты өз ұстанымын түпкілікті айқындады. Бүгінде ел өлім жазасы қолданылмайтын 145 мемлекеттің қатарына кіреді. Оның орнына өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Айжан Аймағанованың пікірінше, құқықтық саясатты ізгілендіру қылмысқа жеңіл қарауды білдірмейді. Керісінше, бұл қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, адамның негізгі құқықтарын қорғаудың тиімді жолдарын іздеуді білдіреді.

Оның пікірінше, адамның мемлекетпен қарым-қатынасында өзін заң қорғайтынын сезінуі — құқықтық мемлекеттің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Азаптауға жол бермеу және өлім жазасынан бас тарту осы қағиданың аса маңызды көріністерінің қатарына жатады.

Share.
Exit mobile version