Әнші Индира Расылхан әйелдерге отбасы мен бала-шағаға көңіл бөлумен қатар, өздерін де ұмытпауға кеңес берді. Өнер иесі бұл туралы Instagram желісіндегі видеосында айтып, ажырасар алдында мұндай кеңесті ешкім айтпағанын жеткізді, деп жазады Muztaumedia.kz.

Әншінің айтуынша, әйелдер отбасы үшін бар күшін жұмсап, өзіне деген махаббатын екінші орынға ысырып қояды.

«Кезінде ажырасар алдын маған ешкім айтқан жоқ. Менің жіберген қателігімді жасамасын деген оймен жазып жатырмын. Отбасыны сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасағандарыңызды білемін. Бала-шағаны бақтыңыздар, үйді тап-таза ұстап, күйеуді құрметтедіңіздер, бәрін кешіріп, ата-енеге жағу үшін бәрін істедіңіздер. Бірақ, бүкіл махаббатты жан-жаққа шашып тастадыңыздар. Өзіңізге деген махаббат қалған жоқ», — дейді ол.

Индира Расылханның сөзінше, әйел адам өзіне көңіл бөлу үшін міндетті түрде ажырасуды күтпеуі керек.

«Ажыраспай жүріп те өзіңізге назар аударып, жайлы жағдай жасауға болады. «Ажырасамын, Өзімді таңдаймын, ойымды өзгертемін, махаббатымды арттырамын» деген өтірік нәрсе. Оған сенбеңіздер. Онсыз да қазір ажырасу өте көп», — дейді әнші.

Сонымен қатар өнер иесі ажырасып кеткен әйелдерге өзін кінәламауға шақырды. Оның айтуынша, ажырасудан кейін жаңа өмірге бейімделуге уақыт қажет.

«Егер ажырасып кеткен болсаңыздар, бұл — тағдыр. Өкінбеңіз, өзіңізді кінәламаңыз. Ал қазір ажырасқым келеді дейтін болсаңыз, ажырасқаннан кейін бәрі күшті болып кетеді деп айта алмаймын. Өзіңізді жинағанша уақыт керек. Бала-шаға «әке» деген кезде өзіңізді кінәлі санайсыз. «Ажыраспау керек пе еді» деп ойлайсыз. Оның бәрінен өтуге уақыт керек. Ажыраспай жүріп те өзіңізді таңдаңыз», — дейді Индира Расылхан.

Әншінің бұл пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Желі қолданушыларының бір бөлігі оны қолдаса, енді бірі ажырасуға қатысты көзқарасын сынады.

«Бірінші өздері ажырасып алады, сосын ақыл кіріп, жұртқа ақыл айтушыларды түсінбеймін», «Ажырастың ба, жайыңмен жүр», «Өзің неге ажырасып жүрсің», «Дұрыс айтасың», «Осы әңгімені бір адам айтты-ау», «Иә, ажырасу оңай, балаларды жәутеңдетпей отбасыны сақтап қалу керек», — деп жазды олар.

Share.
Exit mobile version