Қарағандыдан Ташкентке футбол жарысына барған 11 бала жаппай ауырып, біреуі жансақтау бөлімінде жатыр. Ата-аналарының айтуынша, балалардың жағдайы қонақүйде таңғы ас ішкеннен кейін нашарлаған. Қазір ата-аналар балалардың денсаулығына алаңдауда, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Қазақстандық балалардың жағдайы туралы желіде жазды. Айтуынша, қазір 11 бала да тамырға дәрі алып жатыр.
“Қазақстан, бейжай қалмайық! Ташкентте Қарағандыдан жарысқа барған жас футболшылар ауырып қалды. Ата-аналарының айтуынша, қонақүйде таңғы ас ішкеннен кейін 11 баланың іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Ата-аналар балаларының денсаулығына алаңдап, көмек пен ресми түсініктеме күтуде. Балалардың ауырып қалуына не себеп болды? Бұған қонақүйдегі тамақтың қатысы бар ма? Қазір балаларды емдеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданып жатыр? Бұл – біздің балаларымыз. Олар Қазақстанның намысын қорғап, ел атынан жарысқа қатысу үшін барған. Ал қазір өздері біздің қолдауымызға мұқтаж”, – деп жазды ол.
Ол өзге елге барып осындай жағдайға тап болған балалардың ата-аналарын жалғыз қалдырмау керек екенін айтып, тиісті органдардан көмек сұрады.
“Олардың ол жақтан қалай қайтатыны да белгісіз. Балалардың қызуы көтеріліп, құсып, іші өтіп жатыр. Бұл – нағыз сұмдық”, – деп қосты ол.
