Алматыдағы кезінде Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі болған «Байсат» көтерме-бөлшек сауда базары электронды аукцион арқылы сатылды. Бұл – активті өткізудің төртінші әрекеті, деп жазады Muztaumedia.kz.

Бұған дейінгі сауда-саттықтар қатысушылардың болмауына байланысты нәтиже бермеген еді.

Электронды сауда алаңының мәліметіне сәйкес, 7 тамызда «Көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС-нің 100 пайыз үлесі 24 млрд 772 млн 753 мың теңгеге сатылды. Бұл аукционға қойылған бастапқы бағамен сәйкес келеді. Әзірге сатып алушының аты-жөні жарияланған жоқ.

Сатылған нысан Алматы қаласының Жетісу ауданындағы Солтүстік айналма көшесі, 7 мекенжайында орналасқан. Кәсіпорында 64 қызметкер еңбек етеді. Активті сатуды Қайтарылған активтерді басқару компаниясы ұйымдастырды. Бұған дейін тәуелсіз бағалау барысында базардың нарықтық құны 28,64 млрд теңге деп белгіленген болатын.

Айта кетейік, бұл актив бірнеше мәрте аукционға шығарылды. Алғашқы сауда 28,6 млрд теңге бағамен өтпей қалды. Кейін бастапқы құны алдымен 26,7 млрд теңгеге, одан соң 24,77 млрд теңгеге дейін төмендетілді. Нәтижесінде базар бағалау құнынан шамамен 13,4 пайызға арзан сатылды.

«Байсат» базары мемлекетке қайтарылған ірі активтердің бірі саналады. 2024 жылдың қаңтарында Алматының ауданаралық экономикалық соты бұрын «Холдинг Алматы жылу» кешеніне қатысты жасалған мәмілелерді жарамсыз деп таныды. Кейін бұл мүлік мемлекет қарамағына өтті.

Кешен құрамына жалпы аумағы 4 221,4 шаршы метр болатын үш ғимарат пен 1,4 гектар жер учаскесі кіреді. Тергеу материалдары бойынша, актив бұрын Бауыржан Нұрсұлтанмен байланыстырылған компаниялардың иелігінде болған. Ал Қайрат Сатыбалды сотқа дейінгі тергеу барысында «Байсат» базарындағы өзіне тиесілі үлестің басым бөлігін мемлекетке ерікті түрде қайтарған.Google Discover-ге арналған тақырыптар:

Share.
Exit mobile version