Әнші Бейбіт Қорған әлеуметтік желіде отбасын, күнделікті тұрмысын және дастарқанын жиі жариялайтын өнер иелерінің әрекетіне қатысты пікір білдірді. Ол әріптестерінің жеке өмірін көпшілікке көрсетуін құптамайтынын «Kezdesu» YouTube жобасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Muztaumedia.kz ақпарат порталы.

Сұхбат барысында жүргізуші әншіден эстрадада өзіне ұнамайтын немесе қабылдай алмайтын әрекеттер бар-жоғын сұрады. Сондай-ақ кейбір өнер адамдарының әлеуметтік желіде тұрмысының тек жақсы тұстарын көрсетіп, мінсіз отбасы бейнесін қалыптастыруына тоқталды.

Бейбіт Қорған мұндай әрекеттерді жасандылық деп бағалап, әлеуметтік желідегі жазбалардың өзгелерге қалай әсер ететінін ескеру керегін айтты. Әсіресе бала-шағасын, ішіп-жегенін көрсететін әріптестерінің әрекетін қолдамайтынын жеткізді.

«Мә, мынадай жаңағы өтірік легенда ма? Иә! Жасанды боп жүретін ондайлар көп қой. Бірақ та кейде ойлайсың: осындай жасанды бір нәрселер… Кейбір әншілер, мысалы, жеке өмірін көрсетіп жатады. Бала-шағасымен: «Мен мынандаймын, бүйтіп жатырмын, сүйтіп жатырмын», – деп. Мен ондайды қолдамаймын. Неге? Өйткені соған зар болып жүрген адамдар қаншама?! Тамақ жеп жатқанын көрсетіп жатады. Ал ондай нәрсені жей алмай жатқан адамдар қаншама?!» – деді әнші.

Жүргізуші өнер адамдарының отбасылық өмірі де көрермендер үшін қызықты болуы мүмкін екенін айтты. Алайда Бейбіт Қорған тыңдарманға әншінің шығармашылығы мен өнерін білу жеткілікті деп санайды. Оның сөзінше, өнер иесінің отбасы мен туыстары туралы барлық ақпаратты жариялау міндетті емес.

«Әрине, қызық. Бірақ өнер адамының өзін білсең, сол жеткілікті. Оның ар жағында қандай ағайын-туыстары бар, қанша баласы бар, қанша баласы жоқ деген сияқты нәрселерді білудің не қажеті бар?» – деді Бейбіт Қорған.

Share.
Exit mobile version