Автор өз ойын Мемлекет басшысының құқықтық мәдениет пен күнделікті тәртіпке қатысты айтқан сөзімен байланыстырған.
«Құқықтық ел болу Ата заңда ғана бекітіліп қойған қағидат емес. Құқық күнделікті күйбең тірліктен басталуы қажет. Бұл – әр адамның жүріс-тұрысы, әдебі, тәртібі, тіпті, мінез-құлқы заңға қайшы болмауы керек деген сөз. Расымен де, ойланатын нәрсе екен», – деп жазды Дәурен Сейтжанұлы.
Журналист әсіресе әйел мен ер адамның амандасу әдебіне қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, бүгінде кей адамдардың қоғамдық орындарда құшақтасып, белден қысып немесе сүйісіп амандасуы жиілеген.
«Қарап отырсам, шынымен де кейде қоғамда әдепті сақтамай, бір-бірімен құшақтасып та, белден қысып та, шөлп-шөлп сүйісіп те амандасып жүрген әйелдер мен еректерді жиі кездестіретін болдық. Ол қаншалықты дұрыс?», – деді ол.
Дәурен Сейтжанұлы бала кезінен көрген амандасу дәстүрін де еске алды. Оның айтуынша, Қазалы мен Арал өңірінде ер адамдар әйелдермен қол алыспай, «сәлем бердік» деп амандасқан.
«Туған жерім Қазалы мен көршіміз Арал ауданында әйел адамдарға «сәлем бердік» деп амандасатынбыз. Қол алысып жатпайтын едік. Үлкендерден көргеніміз де, үйренгеніміз де – осы. Қандай жарасымды?! Қазір де сол сыйластықтан, сол ізеттен алыстаған жоқ ақұдайларым…», – деп жазды журналист.
Автор ер азаматтың қыз балаға сыпайылық танытуын құптайтынын, алайда қоғамдық ортада шектен тыс жақын қарым-қатынас көрсетудің қажеті жоқ екенін атап өтті.
«Әрине, ер азамат қыз баласына сыпайылық, ізет танытуы орынды. Бірақ қоғамдық жерде, жұмыста, отырыстарда бас салып құшақтасып амандасудың, шектен тыс қалжыңдасудың қажеті қанша?! Ол біреудің жары, кездесіп жүрген аяулысы болуы мүмкін. Көбіне бұл жайт ескерілмейді», – деді Дәурен Сейтжанұлы.
Журналист қоғамда еркіндік пен әдептің ара-жігін ажырата білу маңызды екенін айтып, көпшілік ортада өзара сыйластықты сақтауға шақырды.
«Сондықтан көпшілік жерде әдепті сақтауымыз керек. Ең бастысы шекараны сақтай білуіміз керек. Еркіндік пен әдепсіздіктің шекарасынан өтіп кетпесек екен деген базына біздікі. Бұл – бізге жат құбылыс. «Сәлем – сөздің анасы» деген сөз бар. Ең бастысы сәлеміміз түзу болсын, ағайын!», – деп түйіндеді ол.
