Ақмола облысының Бестөбе кентінде заңсыз алтын іздеумен айналысқан тағы бір ер адам қаза тапты. Ол шахтаға кен өндіру үшін түсіп, опырылған тау жыныстарының астында қалған,  деп хабарлайды Muztaumedia.kz.  

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам күзетілетін нысанның аумағына заңсыз кіріп, жер астында кен өндірумен айналысқан. Алайда жұмыс барысында тау жыныстары опырылып, ол үйіндінің астында қалған. Алған жарақаттарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды.

Ақмола облыстық полиция департаменті аталған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Күзетілетін нысанға заңсыз кіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп мәлімдеді полиция.

Айта кетейік, Бестөбеде заңсыз кен өндіру кезінде адам өлімімен аяқталған жағдайлар бұған дейін де тіркелген.

14 қазанда «Новая» шахтасының 295-горизонтында тау жыныстары опырылып, үйінді астында қалған 41 жастағы ер адам көз жұмған. Тағы бір адам басынан жарақат алып, дене жарақатын алған.

Келесі күні таңертең осы шахтада тағы бір кен іздеушінің қайтыс болғаны белгілі болды.

Share.
Exit mobile version