Қызылорда облысында учаскелік полиция инспекторы Мырзажан Жакенов қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, полицей күйеуінен жәбір көрген әйелге араша түскен. Осыдан кейін күдікті оған шабуыл жасап, нәтижесінде полиция қызметкері көз жұмған.
Марқұмның денесі қалың қысқы киімге оралып, гараждағы шөптің астына жасырылған. Кейін құқық қорғау органдары оның мәйітін сол жерден тапқан.
Мырзажан Жакеновтің артында жары мен төрт баласы қалды.
Марқұмның жақындары қылмысқа қатысы бар барлық адамның анықталып, істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етіп отыр. Олар кінәлілердің заң аясында қатаң жазаға тартылуын сұрайды.
