Abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы Нұргелді Әбдіғани Германияда өткен концертінде орыс тілінде амандаспағаны және орысша бір ғана ән орындағаны үшін Димаш Құдайбергенді сынаған ресейлік блогер Роман Зубенконың пікіріне жауап берді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Бұған дейін Германияда тұратын блогер әншінің Дюссельдорф қаласындағы концертінде көрермендермен орыс тілінде амандаспағанын және орыс тілінде небәрі бір ән орындағанын айтып, наразылық білдірген. Оның сөзінше, бұл орыстілді тыңдармандарға деген құрметсіздік болған.
Ал Нұргелді Әбдіғани Димаштың шетелдегі концерттерінде орыс тілінде сөйлеуге міндетті емес екенін атап өтті. Оның пікірінше, әншінің шығармашылығы белгілі бір аудиторияның тілдік сұранысына бейімделмеуі керек.
«Енді сұрақ: Қазақ әншісі шетелдегі концертінде орыс тілінде сөйлеуге міндетті ме? Әлбетте жоқ! Неліктен оның репертуары көрерменнің белгілі бір бөлігінің тілдік сұранысына бейімделуі тиіс?
Димаш – Ресейдің немесе орыс тілді аудиторияның ғана әншісі емес, оның тыңдармандары Қытайда, Еуропада, Америкада, Азияның түрлі елдерінде де бар. Ол – әлемдік әнші. Әрқайсысы өз тілінде сөйлейді, өз мәдениетінен шыққан музыканы бағалайды. Егер әнші әр концертте залдағы көрермендердің тілдік құрамына қарай өзінің ұлттық болмысын өзгертуге мәжбүр болса, онда оның халықаралық өнерпаз ретіндегі дербестігі қайда қалады?» – деп жазды ол.
Сондай-ақ журналист Кеңес Одағы ыдырағанымен, оның мәдени-тілдік ықпалы кейбір адамдардың санасында әлі де сақталғанын айтты. Оның сөзінше, тәуелсіз мемлекеттердің ұлттық тілі мен мәдениетінің дербестігін толық мойындай алмайтындар бар.
Нұргелді Әбдіғани Димаштың әлемдік деңгейде танылуына оның вокалдық мүмкіндігімен қатар, ұлттық музыкалық болмысы да ықпал еткенін атап өтті. Әншінің қазақ тіліндегі шығармалары мен дәстүрлі музыкалық элементтерді заманауи орындау мәнерімен үйлестіруі оның шығармашылық ерекшелігіне айналғанын жеткізді.
«Бір қызығы, әлемнің әртүрлі елдеріндегі тыңдармандар оның қазақша әндерін түсінбесе де, қабылдай алады. Музыка тілдік шекарадан асып, эмоция арқылы байланыс орнатады. Бұл – өнердің әмбебап қасиеті», – деп түйіндеді Abai.kz бас редакторы.
