Түркістан облысында есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы атанған Тілектес Әділ өндірістегі қайғылы оқиғадан қаза тапты, деп жазады Muztaumedia.kz.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Тілектес Әділ 2019 жылы 60 келіге дейінгі салмақта Қазақстан чемпионы атанған. Бұған дейін 2018 жылы Ақтөбеде өткен Қазақстан спартакиадасына қатысқан.

Спортшы Түркістан облысындағы плитка өндіретін зауытта жұмыс істеген. Қайғылы жағдай оның ауысымы кезінде болған.

Досының айтуынша, Әділ кешкі уақытта биіктікте жұмыс істеп жүрген. Сол маңда электр сымы болған. Спортшы абайсызда сымға тиіп кетіп, тоқ соққан. Салдарынан ол биіктіктен құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Жақындарының сөзінше, Әділ кәсіпорында есту қабілеті бұзылған алғашқы қызметкер болған. Басшылық оған атқаратын жұмыстың денсаулығына байланысты қиын әрі қауіпті болуы мүмкін екенін ескерткен. Алайда ол жұмысын жалғастырған.

Әділ спортты да қатар алып жүрген. Ол жарыстарға қатысып, алдағы уақытта жаңа чемпиондық атақтарға қол жеткізуді жоспарлаған.

Марқұмның артында жары мен екі баласы қалды.

Share.
Exit mobile version