Астанада ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды. 55 жастағы ер адам мен 53 жастағы әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Қайғылы жағдай елордадағы «Шығыс» тұрғын үй кешенінде болған. Астана қаласының Полиция департаменті оқиғаны растады.
Ведомство мәліметінше, жанжал кезінде 55 жастағы ер адам әйеліне пышақ жарақатын салған. Кейін ол өзіне де пышақ жарақатын келтірген. Салдарынан ерлі-зайыпты да оқиға орнында қайтыс болған.
Аталған факті бойынша кісі өлтіру және суицидке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір полиция қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.
Полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.
Әлеуметтік желіде оқиға ерлі-зайыптылардың 12 және 14 жастағы екі баласының көзінше болғаны туралы ақпарат тараған. Алайда полиция бұл мәліметті ресми түрде растаған жоқ.
