Бұрынғы Мәжіліс және Сенат депутаты Геннадий Шиповских «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қайта қызметке келгенін мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Экс-депутаттың айтуынша, теміржол саласы оның еңбек жолындағы алғашқы кәсіби ортасы болған. Арада бірнеше жыл өткен соң Шиповских осы салаға қайта оралып, «Қазақстан темір жолы» атынан жаңа міндеттер атқаруға кіріспек.
«Еңбек жолым осы темір жолдан басталған еді. Енді міне, араға біраз жыл салып, қайтадан осы үлкен ұжымның қатарындамын. Алдағы уақытта «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мүддесін білдіріп, жаңа міндеттерге кірісетін боламын», – деп жазды ол.
Дегенмен Геннадий Шиповских өзінің нақты қандай қызметке тағайындалғанын жарияламады.
Геннадий Шиповских туралы
Геннадий Шиповских 1989 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінде дүниеге келген.
2010 жылы Қазалы ауданындағы Әйтеке би кентінің №5 кәсіптік лицейін «машинист көмекшісі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сол жылы еңбек жолын Қызылорда локомотив депосында жылжымалы құрамды жөндеу слесарі болып бастаған.
2013-2016 жылдары Қызылорда локомотив пайдалану депосында машинист көмекшісі қызметін атқарды.
2016-2023 жылдары VI және VII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болды. 2016 жылғы наурызда алғаш рет депутат болып сайланып, 2021 жылы Мәжіліс құрамына қайта кірді.
2023 жылғы 24 қаңтардан 2026 жылғы 1 шілдеге дейін Сенат депутаты қызметін атқарды. Жоғарғы палатада Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің құрамында жұмыс істеді.
