Коллаж: ЖИ
Forbes Kazakhstan Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің 2026 жылғы рейтингін жариялады. Биыл тізімнің бірінші орнына кәсіпкер Вячеслав Ким шықты, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Рейтингтің алғашқы ондығы:
- Вячеслав Ким — әртараптандырылған бизнес;
- Болат Өтемұратов — әртараптандырылған бизнес;
- Тимур Құлыбаев — әртараптандырылған бизнес;
- Нұрлан Смағұлов — автокөлік саудасы, машина жасау, құрылыс;
- Шахмұрат Мүтәліп — құрылыс, металлургия;
- Тимур Турлов — қаржы технологиялары;
- Нұрлан Артықбаев — құрылыс, металлургия;
- Андрей Лаврентьев — автокөлік саудасы, машина жасау, тау-кен металлургиясы;
- Айдын Рахымбаев — құрылыс;
- Владимир Ким — металлургия, қаржы.
Вячеслав Ким 2023 жылы да бұл рейтингте бірінші болған. Былтыр ол екінші орынға түскен еді. Биыл кәсіпкер қайтадан көш бастады.
Forbes Kazakhstan мәліметінше, Кимнің негізгі активтерінің бірі – Kaspi.kz. Сондай-ақ ол 2025 жылы Alatau City Bank-ті сатып алған. 2026 жылғы қыркүйекте кәсіпкер Алатау қаласында білім беру, ғылым және венчурлік жобаларды біріктіретін AÑSA HUB орталығын құратынын жариялады. Оны қаржыландыру үшін 100 миллион доллар көлемінде эндаумент қорын қалыптастыру жоспарланған.
Биыл алғашқы ондыққа Шахмұрат Мүтәліп те кірді. Forbes оның Eurasian Resources Group компаниясының 39,3 пайыз үлесін сатып алғанын және «Алтыналмас» алтын өндіруші компаниясын сатып алу туралы келісімге қол қойғанын атап өтті.
Ал Нұрлан Артықбаев «Қазақмыс корпорациясын» бақылауына алған. Ол рейтингте жетінші орынға көтерілді.
Басылым рейтингті жасағанда кәсіпкерлердің капиталын ғана емес, негізгі салалардағы орнын, ірі жобаларының ауқымын және сарапшылардың бағасын ескерген. Forbes Kazakhstan сарапшылардың бағасы үміткерлерді іріктеу кезінде ең үлкен салмаққа ие болғанын атап өтті.
Биылғы тізімге төрт жаңа есім енген. Forbes Kazakhstan бұл рейтингтің ресми құжат емес, редакция дайындаған бағалау материалы екенін ескертеді.
Ақпарат көзі: Qaz365.kz
