Халықаралық сарапшы Жанат Момынқұлов «Қасқа жол» бағдарламасына сұхбат беріп, Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатына қатысты бірқатар сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz ақпарат порталы.
Сарапшы Қазақстанның Ресей мен Қытай секілді ірі державалардың ортасында өз тәуелсіздігін сақтап, дербес саясат жүргізу мүмкіндігі, қазақ пен қырғызды бір-біріне қарсы қоюға бағытталған ақпараттық ойындар, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеті жылдық билігі кезінде болған өзгерістер туралы пікір білдірді.
Жанат Момынқұловтың айтуынша, Тоқаев билікке келген кезеңде элита арасында тұрақсыздық пен қайшылықтар болған.
«Президент Тоқаев билікке келген кезде жағдай қалай болып еді? Элиталық тұрақсыздық болды. Қайшылықтар, қос билік сияқты мәселелер болды. 2022 жылы барлығы нақтыланды. Билікті қолына алды. Соның өзі, қарап отырсаңыз, төрт жылдан астам уақытты алды. Яғни бұрынғы элиталар жаңартылды. Ескі адамдардың біразы кетті.
Элитааралық проблема қазіргі кезде билікке қажет емес. Қазір экономикалық өсім, нақты нәтижелер керек. Мемлекеттік органдардың сапасын көрдік кеше Каспий маңайында. Яғни бұлар қайталанбауы қажет. Керісінше, осы қателерден сабақ алу қажет.
Демек, кешегі Каспийде болған оқиға мемлекеттік басқару саласында әлі де үлкен проблемалардың барын көрсетеді. Бұл өз кезегінде нақты реформаларды қажет етеді. Тек саяси емес, мемлекеттік басқару саласында, әсіресе әскери саланы дамыту тұрғысынан.
Яғни қысқаша, Тоқаевтың келіп, соңғы кезде билікті өзгертуі біртіндеп жүйенің қалыптасуына белгілі бір жағдайлар жасады деп айтуға болады», – деді Жанат Момынқұлов.
https://www.youtube.com/watch?v=B6ubjfN_PP8&t=1s
