Астанада өтіп жатқан жүзуден World Aquatics 2026 Әлем кубогінің финалдық кезеңіне қатысуға келген шетелдік спортшылар елордадан алған әсерлерімен бөлісуде. Олар қаланың сәулетіне, тазалығына және жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына оң бағасын беріп жатыр, деп хабарлайды Muztaumedia.kz .

Әлемнің 39 елінен келген спортшылардың айтуынша, Астананың зәулім ғимараттары мен ерекше сәулеттік келбеті назар аудармай қоймайды. Сонымен қатар елорда тұрғындарының қонақжайлығы мен жарысқа қатысушыларға жасалған жағдай да шетелдік қонақтардың көңілінен шыққан.

Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған халықаралық додаға 300-ден астам спортшы қатысуда. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері мен әлемдік рекорд иелері бар.

Жарыстың ашылу салтанатына World Aquatics халықаралық федерациясының президенті Хусейн Әл-Мусаллам, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, сондай-ақ отандық спорт саласының өкілдері мен су спортының мамандары қатысты.

Салтанатты рәсімде Ербол Мырзабосынов халықаралық жарыстың Қазақстанда алғаш рет өткізілуі отандық спорт үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.

«Әлем кубогін өткізу – отандық спортты дамыту жолындағы маңызды қадам. Бұл жарыс спортшыларымызға әлемнің үздіктерімен бәсекеге түсіп, құнды тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Турнир жас спортшыларға тың серпін беріп, мыңдаған баланы жүзу спортымен айналысуға ынталандырады деп сенемін. Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы халықтар мен мәдениеттерді байланыстырған. Бүгінде сол тарихи жол бізді спорт, достық және адал бәсеке арқылы қайта тоғыстырып отыр», – деп атап өтті министр.

Айта кетейік, 15-17 қазан аралығында елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтіп жатқан жарыс Баку, Ташкент және Астана қалаларын қамтитын Silk Road халықаралық сериясының шешуші кезеңі саналады. Турнир World Aquatics ұйымының ресми жарыстар күнтізбесіне енгізілген.

Әлем кубогінің бағдарламасына еркін стиль, брасс, баттерфляй және шалқалай жүзуден 50, 100 және 200 метрлік қашықтықтар, сондай-ақ кешенді жүзу мен эстафеталық сайыстар кіреді.

Халықаралық жарыс спортшыларға өзара бақ сынауға мүмкіндік беріп қана қоймай, Қазақстанды әлемдік спорт қауымдастығына танытуға да үлес қосып отыр. Шетелдік қатысушылардың елорда туралы жылы пікірлері Астананың халықаралық деңгейдегі спорттық әрі туристік орталық ретіндегі әлеуетін тағы бір мәрте көрсетеді.

Share.
Exit mobile version