Соңғы жеті жылда жоғары білім алуға 655 680 грант бөлінуі мемлекеттің жастарға және елдің болашағына салған ауқымды инвестициясын көрсетеді. Бұл қолдау көптеген отбасының оқу ақысын төлеу жүктемесін жеңілдетіп, жастардың жоғары білім алу мүмкіндігін кеңейтеді. Алайда сапалы білімге деген сұраныстың қанағаттандырылуын тек грант санымен өлшеуге болмайды., деп жазады Muztaumedia.kz.

Қолжетімділікпен қатар білім беру бағдарламаларының сапасын, университеттердің материалдық базасын және түлектердің еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін бағалау қажет, деп санайды ҚР Құрылтай депутаты Айжан Темірбаева.

«Жоғары білім беру саласын басқарған маман ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың білім алуына, ғылымға және кадр даярлауға тұрақты назар аударып отырғанын жоғары бағалаймын. Қазақстанда мемлекеттік грант арқылы оқу ақысын қаржыландыру және ай сайын шәкіртақы төлеу жастарға елеулі қолдау береді. Бұл мүмкіндікті сапалы білімге, кәсіби біліктілікке және елдің дамуына қосылатын үлеске айналдыру маңызды.

Халықаралық тәжірибеде жоғары білімді қаржыландырудың әртүрлі үлгілері бар. Мәселен, АҚШ-та мемлекеттік және жеке университеттер жұмыс істейді, ал студенттер федералдық және штаттық гранттарды, университеттердің қаржылай көмегін, білім несиелерін және отбасының қаражатын пайдаланады. Университеттік қолдау академиялық жетістікке де, отбасының қаржылық жағдайына да байланысты берілуі мүмкін. Қазақстандағы мемлекеттік грант пен шәкіртақы жүйесі де жастардың білім алуындағы қаржылық кедергілерді азайтатын маңызды тетік болып отыр», — деді Айжан Маратқызы. 

Депутаттың сөзінше, мемлекеттік грант барлық талапкерге бірдей берілмейді. Грант саны бюджет мүмкіндіктеріне және елдің кадрларға қажеттілігіне сәйкес белгіленіп, конкурстық негізде бөлінеді. Сондықтан гранттардың шектеулі болуы түсінікті. Негізгі міндет — олардың әділ бөлінуін және экономикаға қажетті мамандарды даярлауға бағытталуын қамтамасыз ету.

«Инженерия, ақпараттық технологиялар, педагогика және басқа да басым бағыттарды қолдау елдің ұзақ мерзімді дамуына қызмет етеді. Мәселен, 2025–2026 оқу жылында гранттардың 60 пайызы инженерлік және техникалық бағыттарға бөлінді. Дегенмен кадр даярлау нақты еңбек нарығының болжамына сүйенуі тиіс. Жастар мамандықты тек грант алу үшін таңдамауы үшін мектептен бастап сапалы кәсіби бағдар беру де маңызды.

Білім алуды қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі іске қосылды. Ата-аналар қатысушы банкте білім беру жинақтау салымын ашып немесе сақтандыру компаниясымен тиісті шарт жасасып, баласының оқуына алдын ала қаражат жинай алады. Жинаққа банктің сыйақысы немесе сақтандыру компаниясының инвестициялық кірісі, сондай-ақ жыл сайын 5 пайыз, әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін 7 пайыз мемлекеттік сыйлықақы қосылады», — деді Құрылтай депутаты. 

Белгіленген талаптарға сәйкес, бес жасқа толатын балаларға 60 АЕК, жетім балаларға 120 АЕК бастапқы білім беру капиталы қарастырылған. Жыл сайынғы ең төменгі жарна әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін 12 АЕК, қалған балалар үшін 24 АЕК болып белгіленген.

«Жинақталған қаражатты кейін колледжде немесе университетте оқу ақысын төлеуге пайдалануға болады. Егер бала білім грантын жеңіп алса, қаражат жоғалмайды: белгіленген тәртіппен оны басқа білім алуға, жинақтауды жалғастыруға немесе тұрғын үй алуға бағыттау мүмкіндігі бар. Бұл отбасы мен мемлекеттің баланың болашағына бірлесіп инвестиция салуына жағдай жасайды. Сонымен бірге табысы төмен отбасылардың жинақ жасау мүмкіндігі шектеулі екенін ескеріп, оларға әлеуметтік қолдауды сақтау қажет», — дейді ол. 

Депутаттың сөзінше, шәкіртақының өсуі де маңызды. Соңғы жылдары оның мөлшері кезең-кезеңімен ұлғайтылды. Қазіргі базалық айлық шәкіртақы бакалавриат студенттері үшін 52 372 теңге, педагогикалық және медициналық бағыттарда 84 000 теңге, магистранттар үшін 117 098 теңге, докторанттар үшін 262 500 теңгені құрайды. Бұл қаражат білім алушылардың күнделікті шығындарының бір бөлігін өтеуге және оқуына көбірек көңіл бөлуіне көмектеседі. Алайда шәкіртақының жеткіліктілігін бағалағанда инфляцияны, тұратын өңірді және тұрғын үй шығынын да ескеру керек.

Осы жұмыстард жастардың білім алуына және адами капиталдың дамуына нақты әсері қандай?

«Менің бағалауымша, бұл саясаттың негізгі әсері отбасының қаржылық кедергісін азайтудан, экономикаға қажетті мамандар даярлаудан және жастардың ғылыми әрі кәсіби әлеуетін дамытудан көрінеді. Грант оқу ақысын қаржыландырады, шәкіртақы оқу кезеңінде қолдау береді, ал жинақтау жүйесі білім алудың қосымша мүмкіндігін қалыптастырады.

Адами капиталдың сапасын арттыру үшін университетке қабылдау жүйесін де жетілдіру қажет. Осы бағытта Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығы халықаралық ETS ұйымымен бірге Admissions Insight Test, яғни AIT атты жаңа қабылдау емтиханын әзірлеп жатыр. Оның мақсаты талапкердің пәндік білімін ғана емес, жоғары оқу орнында табысты білім алуға дайындығын жан-жақты бағалау болып отыр.

Жоспарланған модель модульдік құрылымға негізделеді. Пәндік модульдер мектеп бағдарламасы мен таңдалған оқу бағытына қатысты білімді бағалайды. Ал дағдыларға арналған тапсырмалар сыни ойлауды, академиялық жазу мен зерттеу дағдыларын, коммуникацияны, сандық және цифрлық сауаттылықты, шығармашылық ойлауды тексеруге бағытталады. Бұл талапкердің дайындығы туралы бір ғана жиынтық балға қарағанда толығырақ мәлімет алуға мүмкіндік беруге тиіс», — ғалым, қоғам қайраткері.

Мұндай тәсілде фактілерді жаттап алу жеткіліксіз болады. Талапкер ақпаратты түсініп, салыстырып, дәлелдің негізділігін бағалап, өз ойын қисынды жеткізіп, білімін жаңа жағдайда қолдана білуі керек. Бұл мектептегі дайындықты да мазмұнды түсінуге және оны қолдануға бағыттауға ықпал етуі мүмкін, деп саннайды депутат.

Дегенмен AIT әзірге қолданысқа толық енгізілген емтихан емес. Пилоттық зерттеу алдын ала 2027 жылдың көктеміне жоспарланған. Ол қолданыстағы қабылдау рәсімдерінен бөлек өткізіледі және талапкерлердің қабылдау нәтижелеріне әсер етпейді. Апробация кезеңінде ҰБТ жүйесі сақталады. Өзгерістер зерттеу мен сынақ нәтижелеріне сүйеніп, кезең-кезеңімен жүргізілуі тиіс.

Жоғары білімнің мазмұнымен бірге оқу мерзімі де қайта қаралып жатыр. Бірқатар университеттер жекелеген бакалавриат бағдарламаларын төрт жылдан үш жылға көшіріп, жастардың еңбек нарығына ертерек шығуына мүмкіндік беруде.

Жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде білім беру жүйесі технологиялық өзгерістерден кем дегенде қалыспауы тиіс. Сондықтан оқу бағдарламаларын уақтылы жаңартып, практикалық даярлықты, сыни ойлауды және жасанды интеллект құралдарын жауапкершілікпен пайдалану дағдыларын күшейту қажет. Оқу мерзімін қысқарту білім сапасы мен қажетті құзыреттердің толық меңгерілуін қамтамасыз еткен жағдайда тиімді болмақ дейді Құрылтай депутаты.

«Қазіргі жастар үшін бір мамандықты меңгерумен шектелу жеткіліксіз. Технологиялар мен еңбек нарығы жылдам өзгеріп жатқандықтан, жаңа дағдыларды қысқа мерзімде игеру және қажет болған жағдайда қайта даярлану маңызды. Сондықтан жоғары білім жүйесі жастарға үздіксіз білім алу мүмкіндігін ұсынуы тиіс.

Қазақстанда осы бағытта қосымша қолдау көрсетіліп отыр. Қатысушы университеттердің студенттері берілген лицензиялар аясында Coursera платформасындағы халықаралық курстарды тегін меңгере алады. Ал AI-Sana бағдарламасы жастардың жасанды интеллект саласындағы білімін, оны кәсіби қызметте қолдану және технологиялық жобалар әзірлеу дағдыларын дамытуға бағытталған. Бағдарламаның қатысушылары үшін тегін оқыту мүмкіндігі қарастырылған. Әдетте ақылы ұсынылатын курстарға осындай қолжетімділіктің берілуі жастардың өз білімін жаңартуындағы қаржылық кедергілерді азайтады.

Сонымен бірге университеттердегі minor бағдарламалары студенттің негізгі мамандығына қосымша басқа бағыттағы құзыреттерді меңгеруіне мүмкіндік береді. Бұл білім алушының кәсіби аясын кеңейтіп, пәнаралық даярлығын және еңбек нарығындағы икемділігін арттырады. Осындай мүмкіндіктер жастарға технологиялық өзгерістерге тез бейімделуге, кәсіби бағытын толықтыруға және өмір бойы білім алу дағдысын қалыптастыруға көмектеседі», — деп санайды ғалым. 

Докторанттарды қолдау ғылыми кадрларды даярлау үшін де маңызды. Шәкіртақымен қатар олар университеттегі оқытушылық немесе зерттеу жұмыстарына, ғылыми жобаларға қатысып, тиісті шарттар негізінде қосымша табыс таба алады. Бұл мүмкіндік нақты жұмыс орнына, жобаның қаржыландыруына және оқу жүктемесіне байланысты. Мұндай жұмыстың құндылығы табыспен қатар ғылыми тәжірибе жинаудан, зерттеу командасына қосылудан және кәсіби байланыстар қалыптастырудан көрінеді деген пікірде депутат.

Мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін тек бөлінген грант пен төленген шәкіртақы санымен өлшеу жеткіліксіз. Біз грант иегерлерінің қаншасы оқуын аяқтағанын, мамандығы бойынша жұмысқа орналасқанын, олардың табысы мен кәсіби өсуі қалай өзгергенін білуіміз керек. Ғылыми кадрлар бойынша зерттеу нәтижелері, ғылымда қалу көрсеткіші және жобалардың практикалық пайдасы маңызды. Осындай деректерсіз қолдаудың әсерін нақты пайызбен бағалау қиын.

«Сондықтан гранттар мен шәкіртақыларды қолдаумен бірге университеттердің сапасына қойылатын талаптарды күшейту, өндірістік практиканы дамыту, жұмыс берушілермен байланысты нығайту және ауыл жастары мен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан талапкерлерге тең мүмкіндік беру қажет деп санаймын. Мемлекеттің білімге салған инвестициясы жас адамның кәсіби дербестігіне, отбасының әл-ауқатына және ел экономикасының дамуына нақты үлес болып қайтуы тиіс», -деп санайды Айжан Темірбаева. 

Share.
Exit mobile version